Тұрғындардың айтуынша, биыл өңірде қардың аз түсуінен мал ішетін су жетпей жатыр.
Ал Бағырлай, Алғабас-Жорық арналары аяздан қатып қалған. Тұрғындар амалдың жоқтығынан мұзды қолмен ойып, тамшы су таппай әлсіреген малдарына ерітіп беріп жүр. Бірақ бұл да төрт түліктің шөлін басуға жетпейді екен. Сондықтан каналдарды суға толтыруды талап етіп отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Өңірде қар аз түскен, қақаған аяздан су арналарының бетіне мұз қатқан. Соның кесірінен, әсіресе Индер ауданының тұрғындары төрт түліктерін суаратын жер таппай отыр. Қазір жұртшылық амалдың жоғынан мұзды қолмен оюға кіріскен. Алайда арнадағы су деңгейі тым төмен, тіпті 1 метрге де жетпейді. Оны шұғыл суға толтырмаса, бұл қыстан түлігіміз аман шықпайды, дейді шаруалар.
“Су керек бізге, мынау малдың бәрі шөлдеп жатыр, мұзды ойып суарып келіп жатырмыз. Түйеден сүт те шықпай жатыр, су болмаған соң. Қазып су бергенімізбен канал түбі терең, оның үстіне су бітіп жатыр. Мынау судан күйіміз кетіп тұр”, – деді Айман есімді шаруа.
Тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдай былтыр да болған. Тіпті су таппаған мал шетінен қырылған екен. Бірақ, соған қарамастан, жергілікті биліктің қамсыз отырғанына қынжылады. Ал аудан әкімінің мәліметінше, судың жетіспеушілігінен мал шығыны болмаған. Қазір "Қазсушар" мекемесімен бірлесіп арналарды суға толтыру жұмыстарын қолға алғанын айтады. Бүгінде Индер ауданында 150 мың бас төрт түлік бар екен.
“29 желтоқсан күні Бағырлай каналына су жіберу жұмыстары басталды. Бұл жерде атап өтерлік мәселе, қазір екі жүзбелі пантон насос орнатылған. Соның біреуі қосылды. Екіншісіне дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар 3 қаңтар күні аудандағы Ақсай каналына су айдау жұмыстары басталды. Күні бүгінде Алғабас-Жорық каналына су айдау үшін жұмыстар жүргізілуде. Қазір насостары дайындалу үстінде”, – деп мәлімдеді Атырау облысы Индер ауданының әкімі Дарын Шамұратов.
Бұған қоса әкім Бөдене ауылдық округіне қарайтын "Алғабас-Жорық" каналына су жіберу үшін электр-тоқ жүйесін қосу жұмыстары жүргізілгенін айтты. Су жіберу жұмыстарына 3 техника, 22 қызметкер жұмылдырылмақ.