С.Шәпкенов кәсіпкерлерге мемлекеттен қолдау көрсету жұмыстары ашық әрі жариялы болу керек деді

Облыс әкімімен кездесуге аудандардан шағын және орта бизнес өкілдері арнайы келіп қатысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Аймақ басшысы Серік Шәпкенов бизнес өкілдерімен кездесті. Бұл облыс әкімінің биылғы жылы кәсіпкерлермен екінші мәрте бас қосуы. Жиынға қала ,аудан әкімдері, басқарма басшылары, мемлекеттік орган жетекшілері қатысты. Сонымен қатар халыққа және бизнеске қызмет көрсететін монополист кәсіпорындардың өкілдері де шақырылды. Себебі кей кәсіпкерлер электр энергиясының тарифтеріне қатысты сұрақ жолдады.

Жиында алдымен облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабеков баяндама жасады. Ол өз сөзінде сәуір айында облыс әкімінің кәсіпкерлермен алғаш кездесуінде берілген тапсырмаларының орындалу барысын баяндады.



- Алғашқы кездесуде 50-ден астам тапсырма назарға алынды. Оның ішінде 30 мәселе шешімін тауып, 19-ын жүзеге асыру үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен өңірдегі шөп тапшылығының алдын алу мақсатында жергілікті бюджеттен 717,4 млн теңге қаржы бөлінді. Жергілікті фермерлер осы жылдың қараша айынан бастап субсидия алуға өтінім бере алады, - деді Н.Жаңабеков.
 

 

200-ге жуық бизнес өкілі қатысқан жиын 5 сағатқа созылды. Ашық микрофон форматында өткен басқосуда кез-келген кәсіпкер өзін толғандырып жүрген сұрақтарын жолдап, ұсыныс білдірді.

Мәселен Жылыой ауданынан келген кәсіпкерлер «Жылыой газ» монополист мекемесімен газ жүргізу үшін техникалық шартта өте қымбат баға белгілейтіні жаңадан кәсіп бастайтындарға өте қиын дейді. Сонымен қатар «АтырауЭнергоСату» ЖШС мекемесінің кәсіпкерлерге тариф құнын 31,45 теңгеге өсіргеніне наразы. Бұл мәселе аудандардағы кәсіпкерлермен бірге үй маңындағы азық-түлік дүкен иелерін де толғандырып отыр.

Жиында көтерілген сұрақтар мен мәселелер кездесу хаттамасына енгізіліп, оларға жауап беру кестесі жасалды. Кездесуге мемлекеттік органдар мен монополистердің басшылары мен өкілдері қатысқандықтан, кейбір сұрақтарға жауаптар мен түсініктемелер сол жерде берілді.

Жиынды түйіндей сөйлеген облыс әкімі Серік Шәпкенов кәсіпкерлікті дамытуда жан-жақты қолдау болатынын жеткізді. Дегенмен бизнес өкілдеріне мемлекеттен қолдау көрсету жұмыстары ашық әрі жариялы болу керектігін баса айтты.



- Мен сіздермен сәуір айында алғаш рет кездескенде ашық сөйлесу керектігін және оған дайын екенімді жеткіздім. Уәде еткендей екінші рет бас қосып отырмыз. Біз алдағы уақытта да қарым-қатынасты күшейтіп, бір-бірімізді сыйлай отырып, пікір білдіре алуымыз керек. Міне осы жерде мәселелерді ашық талқылап, шешу жолдарын бірге іздеп отырмыз. Дәл осылай кез-келген мемлекеттік мекемелердегі мамандардан бастап бірінші басшыларға дейін тұрғындармен ашық сөйлесіп, мәселені шешудің жолдарын тыңғылықты түсіндіріп беруін сұраймын. Бұл ретте кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау ашық әрі жариялы болуы қажет, – деп қорытты Серік Шәпкенов.



Биыл Атырау облысы бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің саны 64,5 мыңға жетті. Бұл салада жұмыс істейтіндер саны – 48 801.