С.Шәпкенов аудан әкімінің қазасына қайғырып, көңіл айтты

Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов Махамбет ауданының әкімі болған Ринат Жанғылышевтың қазасына қайғырып көңіл айтты деп хабарлайды ATPress.kz.

 Бұл туралы облыс әкімі әлеуметтік желідегі жеке парақшасына жазды. Аймақ басшысы  марқұмның туыстарына сабыр тілеп, көпшілікті бақилық болған адамның сыртынан негізсіз әртүрлі алып-қашпа әңгіме таратпауға шақырды.

«Ата-бабаларымыз: «Айы келген айында, күні келген күнінде татар дәм, санаулы дем таусылған шақта, дүниеден аттанып кетіп жатады» дегенде, бақилық болған адамдар туралы артық сөз айтуды бойға мін санаған. Ешқашан қаза туралы алып-қашпа ғайбатқа жол бермеген» деп жазады ол.


 Одан бөлек әріптесінің жақсы қасиеттерін еске алып, жақындарына көңіл айтты.


«Ардақты әріптесіміз Ринат Бауыржанұлы арамыздан бақиға аттанды. Ойға алған ісіне білек сыбанып кірісіп, арамызда жайраң қағып жарқылдап жүрген ардақты жанның ойда жоқта опат болып, бұл жалғаннан мәңгілікке ғайып болғаны өкінішті.
«Қайғыны бөліссең, азаяды» дейді халық даналығы, марқұмның барша тума-туыстарына, әріптестеріне шын жүректен қайғырып, көңіл айтамын» дейді аймақ басшысы жазбасында.


«Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, облыс әкімі қазіргі шомылу маусымында қауіпсіздік ережесін қатаң сақтауды да ескертті.


«Қазір - жаздың нағыз ыстық кезі. Барша жерлестерімді, өңір қонақтарын суға шомылу кезінде сақтық ережелерін мұқият қадағалап, мейлінше тек рұқсат етілген жерлерде ғана суға түсіп, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырамын. Әсіресе, балаларды қараусыз қалдырмау қажет» делінген жазбада.

Еске сала кетейік, 31 шілде күні Махамбет ауданының әкімі Ринат Жанғылышевтың Ортақшыл ауылында Жайық өзеніне белгісіз жағдайда батып кеткендігі мәлім болды. Марқұмның мәйіті 1 тамыз күні табылды.