Спортшыларға грант табысталды

Атыраудың үздік спорт шеберлеріне гранттар табысталды, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттері оқу жылын спорт саласындағы озық жетістіктермен бастады. Инновациялық білім беру факультеті дене шынықтыру пәнінің мұғалімі және таңдаған спорт түрінен жаттықтырушы мамандығының 1 курс студенті Қаршыға Абдрахим Испания елінің Понтеведра қаласында өткен UWW грэпплинг күресінен Әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ, Чехияның Кардубица қаласында өткен каратэден әлем чемпионатында дене шынықтыру және спорт мамандығының 2 курс студенті Нұрбек Кенжебай Әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Бұдан бөлек аталған факультеттің дене шынықтыру мамандығының 1 курс студенті Аңсаған Қазбек пен 2 курс студенті Аружан Жандарбай самбо күресінен жастар арасында Арменияда өтіп жатқан Әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды.

Осыған орай жас спортшыларды университет ректоры Саламат Идрисов құттықтап, Қаршыға Абдрахим мен Нұрбек Кенжебайға университет грантын табыстап, жас спортшыларға сәттілік тіледі.

- Құрметті студенттер, әрі спорт шеберлері, Қазақстанның туын желбіретіп алдағы додаларда да білім мен тәжірибені ұштастыра үлкен жетістіктерге жетіп биік белестерден көріне беріңіздер, деді С.Идрисов.