Шоқпартоғай ауылында мәдениет үйі ашылды

Қара Арна ауылдық округіндегі 200 орындық жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді, деп хабарлайды Жылыой ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Мәдениет үйінің ашылу салтанатында облыстық Құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов облыс әкімі атынан аудан тұрғындарын құттықтады.

- Халықтың сұранысының арқасында салынған мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, бүгін міне ел игілігі үшін халыққа пайдаланылуға беріп отырмыз. Жаңа мәдениет үйі еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін жиналып, бас қосатын орынға айналатыны сөзсіз. Болашақ өнер саңлақтарының алғашқы сахнасы болсын. Қолданысқа беріліп жатқан осы ауылдың мәдениет үйінен елдің мәдениетіне үлес қосар жастар шығады деген үміттеміз,- деді Н.Құсайынов.  

Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуқова және мәдениет саласының ардагері, ақын Бисенбек Бөкенов тілектерін білдірді. 

Ашылу салтанатында «БатысСтройСервис-Атырау» ЖШС директоры Аманжол Құспанов мәдениет үйі директорының міндетін атқарушы Амангелді Сатыбалдиевке символикалық кілт табыстап, жаңа ғимараттың лентасы қиылды.

Айта кетейік, 200 орынға арналған жаңа мәдениет үйі ғимаратының құрылыс жұмыстары өткен жылдың шілде айында басталған болатын. Мердігер мекеме – «БатысСтройСервис-Атырау» ЖШС мекемесі. Жобаның жалпы құны – 700,588 млн теңге. Мәдениет үйінде кітапхана, асхана, үйірме бөлмелері қарастырылған. Ғимараттың жалпы көлемі 750 шаршы метр.