«Шкафта қаңқам сөйлейді»: Атырауда студенттер театры кезекті қойылымын сахналады

Атырау университеті жанындағы «SAF» студенттер театры жоғары оқу орнында «Шкафта қаңқам сөйлейді» спектаклін көрермен назарына ұсынды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл шығарманы театрдың режиссері әрі студент Нұрлыгүл Достанова бірнеше әйелдің тағдырын негізге ала отырып жазып шыққан. Онда әкесі маскүнемдікке салынып, қызының  тәрбиесі мен болашағына алаңдамайтын әке, жезөкшелікке салынған студент,  әрдайым «қыз туа бересің» деп әйелін ұрып-соғатын күйеу, қорғансыз науқастарға зорлық-зомбылық көрсету секілді өзге де көкейтесті тақырыптар қозғалған.

Қойылым басталған сәтте жас қыз қолына қаңқа ұстап шығып, оны шкафтың ішіне салып қояды да «Ешкімге айта алмаймын! Үндеме! Тыныш!» деп қаңқамен сөйлеседі. Режиссер осылайша әр адамның ішінде өзгеге айта алмайтын, тұншығып жатқан құпияның барын көрерменге жеткізгісі келді.

«Бұл қойылымды көргендер феминизмді насихаттап отырсыңдар деп ойлап қалуы мүмкін. Біз ең алдымен қоғамдағы қыздар мен әйелдердің тағдырын көрсеткіміз келді. Сонымен қатар әйелдің жауы - әйел екенін де ашып көрсету маңызды болды. Сондықтан біз әр кейіпкердің оқиғасын елге таратып, содан ләззат алатын өсекшілерді де көрсетуге тырыстық. Олардың беттеріне көз салып, мақұлық кейпінде бейнеледік. Төрт өсекші әйел өзгенің қайғысына масаттанып, өсек айтқанда алдарына жан салмайды. Бірақ қойылым соңына қарай сол өсекішінің бірінің қызы оң босағада отырып жүкті болып қалады. Осы жерде біреудің өмірінде болған жағдайды іліп әкетіп, өсекке айналдырудың қажеті жоқ. Алда өзіңді не күтіп тұрғанын білмейсің деген ойды жеткізгіміз келді. Ал өзім жезөкшенің ролін сомдадым. Қыздардың жеңіл жүріске түсуінің себептерін айтуға тырыстық», - дейді Нұрлыгүл Достанова.

Сол өсекшінің бірін  Әсемгүл Шаймардан сомдады.

«Біз әртүрлі әйелдің бір-біріне ұқсамайтын тағдырын көрсеткіміз келді. Зорлық көріністері де бар. Бірақ оны музыкамен, бимен, жарықтың ақ, қара, қызыл түстерін қолдану арқылы әртүрлі әйелдің тағдырын көрсете білдік деп ойлаймын. Дайындық барысында қатты шаршадық, өзіміз де қыз баласы болған соң осындай ауыр көіністерді сахналау кезінде қиналдық. Қоғамда қыз бала, әйел зорлық көрсе, оған «өзі кінәлі» деп одан сайын жарға итеріп жібереді. Оны өсектеп, жанына жара салатындар тағы бар. Қойылымдағы мақсатымыз – нәзік жандыларға жасалатын зорлық-зомбылыққа қарсы тұру», - дейді Ә.Шаймардан.  

Қойылым соңында кейіпкерлер рухтар әлемінде кездеседі.  Олардың жер бетінде зорлық пен қорлық көріп келгенін көрген адамзаттың Анасы: «Ұлтты бұзу үшін атом бомбасын жарудың қажеті жоқ. Ол үшін қыз баласын қорласаң жеткілікті!» деп айтып, спектакль «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» әнімен аяқталады.

Театрда актер де, биші де, костюмер де, гример де – студенттер. Олар кәсіби актер болмаса да әр кейіпкерін жан-тәнімен сезініп, көрермен жүрегіне жеткізуге тырысатын өнерлі жастар. Қазір студенттер театрындағы 30-ға жуық жасты осы шығармашылық орта бір арнаға тоғыстырып отыр.  

Айта кетейік, студенттер театры 2013 жылы ашылып,  «Жастар жалыны» деген атпен көрерменге танылды. Мұнан соң  «Самғар» болып өзгерсе, ал қазір «SAF» деген атауға ие болып отыр.  Бұл атау өнер мен сахна таза және пәк болсын деген ниетпен қойылған екен.

Студенттер бүгінгі күнге дейін Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды Шынарым», Рахымжан Отарбаевтың «Шырғалаң», Дулат Исабековтың «Тауқымет» және Төлен Әбдіктің «Оң қол» хоррор драмасын және басқа да шығармаларды сахналаған. Сонымен қатар, қысқа фильмдер түсіруді де бастапты.

Эльмира Мықтыбаева