Шетелдік автокөліктерді тіркеу: Атыраулықтарда қандай кедергілер бар?

AtyrauPress тілшісі шетелдік автокөліктерді тіркеудегі түйткілдерді анықтап көрді.

Атыраулықтар тізгіндеген шетелдік автокөліктерді тіркеуден өткізудегі басты мәселе – құжаттардың дұрыс болмауы.
Бұл туралы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету бөлімі басшысының орынбасары Нұргүл Абуова былай дейді:
«Армения елінен әкелінген автокөліктердің құжаттарында кездесетін кемшіліктің бірі – сенімхат сатып алушыға жүргізу құқығы үшін ғана берілген. Ал, дұрысында бұл жеткіліксіз. Ол құжаттың ішінде «тіркеуге қою» деген сөз болуы керек.
Ал, ресейлік автокөліктерді тіркеуде кездесіп жатқан кедергілердің ең бастысы – көлік құралына меншік құқығын растайтын құжаттың болмауы. Мәселен, көп азаматтарда сату-сатып алу келісімшарты жоқ және көлікті қолдан-қолға көшіріп, сақтандыру полисі арқылы сатып ала берген. Мұндай жағдайда келісімшарт қайта реттелуі қажет.  Сонымен қатар, автокөлік шетелдік тіркеуден шығарылуы тиіс».


Халыққа қызмет көрсету орталығындағы қарақұрым халықтың басым көпшілігі  - шетелден әкелген көліктерін тіркеудің машақатымен жүргендер. Оларға тиісті мамандар түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қажетті құжаттарды нақтылауда.


«Азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Дегенмен, көлік құралын өз атына рәсімдеу үшін меншік құқығын растайтын қандай да бір құжат керек. Келген мемлекеттің есебінен шығарылуы да міндетті» дейді әкімшілік полиция басқармасы процестік орталығының бөлім бастығы Жеңіс Дәулетов.


Көлік иелерінің көпшілігі тіркеуге қажетті құжаттарды әкелу үшін шетелге баруға мәжбүр. Өйткені, мәшинесінің салығын төлеп,  есептен шығару міндетті.


«Былтыр Арменияда тіркелген автокөлікті 3 млн 500 мың теңгеге сатып алғанмын.  Негізгі құжаттары түгел.  Алайда, заңдастыру үшін Армения еліне қайта баруым қажет. Себебі, есептен шығарып, сату-сатып алу келісімшартын алу керек екен. Бармасқа амал жоқ» дейді қала тұрғыны Самат Маратов.


 Атырауда күні бүгін қанша шетелдік автокөлік бары белгісіз. Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы  Атырауға еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдерден 204 автокөлік өткен.
Айта кетейік, Атырау қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында шетелдік көліктерді заңдастыру бойынша қызмет көрсетілуде. Шетелдік көліктерді тіркеудің екінші күнінде Атыраулық 6 тұрғын мемлекеттік нөмір таққан.
Шетелдік автокөліктердің заңдастыру үшін өтінім беру 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады.