04 Шілде, 2023 84

"Шектелме": Атырауда жобаның үшінші кезеңіне қатысушылар сертификат алды


Атырау облысы Жылыой ауданының жастарына SMM, копирайтинг, таргет және графика дизайнын тегін үйрететін “Шектелме” жобасының 3-ші кезеңіне қатысушылар сертификатталды, деп хабарлайды AtyrauPress.

Бұл жоба «Теңізшевройл» компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Курстар ай сайын ауылдық округтерде өткізіліп тұрады.

Қатысушылар арасында 3 бағыт бойынша қатар оқып, өзін жан-жақты дамытып жатқан белсенді жастар жетерлік.  Жем ауылдық округінің тұрғыны  Мөлдір Жапалова – солардың бірі.

- Менің негізгі мамандығым - психолог. Бүгінде бала күтіміне байланысты демалыстамын. Жоба Ақкиізтоғайдан бастау алды, алғашқы кезеңде графика дизайны бағыты бойынша оқыдым. Маусымда өзім тұратын Жем округіндегі курсқа да қатысып,  копирайтингті үйреніп алдым. Енді, міне, Жаңа Қаратоннан SMМ, таргетті оқып, сертификат иелендім. Жоба туралы естіген кезде мұның бізге берілген мүмкіндік екенін, оны барынша пайдалануым керегін түсіндім. Аз уақыттың ішінде 3 онлайн-мамандықты меңгеріп шықтым, осыдан соң табыссыз қалмасым анық, - дейді ол.

Жаңа Қаратондағы курсқа  70-тан астам қатысушы тіркелсе, соның 35-не сертификат тапсырылды.

Қазір жобаның төртінші кезеңіне қабылдау басталды. Сабақтар Қараарна ауылдық округінде өтеді.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА