ШЕКАРА ЖАБЫЛСА, ТАМАҚ ҚЫМБАТТАЙ МА?

Ресейдегі жағдайлар еліміздегі азық-түлік бағасына айтарлықтай әсер ете қоймайды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл туралы бізге Атырау қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашлық бөлімінің басшысы Руслан Дәулетов мәлім етті.
«Атырауда азық-түлік бағасын бақылауда ұстауға арналған тұрақтандыру қоры бар. Сондықтан қандай жағдай орын алмасын, маңызды азық-түлік түрлерінің қымбаттауына жол берілмейді» дейді ол. Ал, егер Ресеймен шекара жабылған жағдайда не болады?
"Егер дүкендерде баға қымбаттаған жағдайда да, «Идеал» және «Лидер» супермаркеттерімен келісімшарт бар. Халық қажетін сол жерден алады. Аталған келісімшарт алыпсатарлыққа жол бермеу үшін жасалған болатын. Аймақтағы тұрақтандыру қорының операторы бүгінде «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы болып табылады. Бұлар әкімдікпен келісімге отырған. Соған сәйкес, бағаны өсірмеуге қатысты өз міндеттемелері бар" дейді Р.Дәулетов.
Бірақ, жергілікті дүкен сөрелеріндегі тамақтың біразы көршілес Астраханнан әкелінеді ғой?
«Иә, мәселенің екінші қыры да бар. Менің ойымша, шекараны жабу экономикалық жағынан тиімсіз. Себебі, ресейлік кейбір азық-түлік емес тауарлар сөрелерден жоғалуы да мүмкін. Екінші жағынан, бұл отандық өнімнің өтуіне жол ашатын сияқты. Яғни, жергілікті тұрғындар өз өнімімізді өгейсітпейтін болады» дейді Р.Дәулетов.
Айтпақшы, бұған қатысты атыраулықтардың пікірін білмек болғанымызда, олар қазірдің өзінде Ресейден шығарылатын тұрмыстық-гигиеналық заттар мен түрлі жуғыш құралдардың қымбаттағанын байқап үлгергендерін айтады.