Шашылып қалған дене мүшелерді де жинадық - атыраулық құтқарушы

Атырау олыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты құтқарушылар тобының бас құтқарушысы, сүңгуір Арман Бахытжанұлы AtyrauPress тілшісімен болған әңгімеде қауіп-қатерге толы қызметінің қыр-сырын айтып берді.

«Біз сүңгуір ғана емеспіз, құтқару жұмыстарының қай түріне де қатысамыз. Жол апатына ұшыраған адамдарды автокөліктен шығару, іздестіру жұмыстары, тіпті үй жануарларын құтқаруға да шақыртулар түседі. Сол себепті құтқарушы бәріне дайын болуы шарт. Оның суда сүңги білуі, арқанмен биік ғимараттарға шығуы, жедел әрекет етіп, дер кезінде шешім қабылдау қабілеті, ең бастысы батыл бола білуі маңызды» дейді құтқарушы.

Сүңгуірлер шомылу маусымында мүлдем мігір көрмейді. Жазатайым оқиғалардың ішінде өз-өзіне қол жұмсайтындар жиі кездеседі.

«Жаз айларында жарық дүниеден безіп, көпірден секіретіндердің дені қыз-келіншектер. Әрине, әрқайсысының түрлі себебі бар. Дегенмен, ашулы күйде асығыс шешім қабылдап, өмірден түңілген арулардың аман қалғандары артынша өз әрекеттеріне өкініп, өмірін қорғап қалған құтқарушыларға алғыстарын айтып жатады» дейді атыраулық құтқарушы Арман Бахытжанұлы.

Ауа-райының қолайсыз сәттерінде де құтқарушылардың жұмысы тоқтамайды. Өйткені, кез келген сәтте көлденең оқиғалар кез болуы мүмкін.

«Жұмысымыз өте оңай дей алмаймыз, әрине. Әсіресе, жаңадан келген жас мамандарға бастапқы әзірде қиындау болады. Мысалы, су астынан адам іздеген сәттерде аса сақтық қажет. Өйткені, өзеннің түбінде не жатқанын ешкім білмейді ғой. Түрлі темір-терсектер, балық аулау құралдары, оның ішінде құрулы тұрған ау, болмаса снас қармақтары жатуы әбден мүмкін» дейді Арман Бахытжанұлы.

«Жайық өзені үнемі лайланып тұрады. Сол себепті судың түбін анық көру мүмкін емес. Амалсыз адамның суға батқан тұсын анықтап, жобамен ағыстың жылдамдығын есептейміз. Суға кеткен адамды 5 минут ішінде тірі алып қалуға болады. Одан әрі оның өмірін сақтап қалу мүмкін емес. Ал, құтқарушының басты міндеті - адамның жанын өлімнен арашалап алу. Алайда, ең алдымен қауіпсіздік ережелерін сақтауымыз қажет. Бұл – басты талап» дейді құтқарушы.

«Су астындағы адамды бірден тауып алу мүмкін бола бермейді. Сондай сәттерде жақынынан айырылып, қайғылы күйде тұрған адамдардың құтқарушыларға жеки сөйлеп, адамды тезірек табуды талап етіп жататындары да болады. Оларды түсінеміз, әрине. Алайда, сөзге еріп, қызбалықпен суға күмп беруге болмайды. Сүңгуірлер рет-ретімен алмасып, ұқыптылықпен іс қылуы шарт және судан шыққан соң араға кемі 15 минут уақыт салмай қайта түсу дұрыс емес» дейді бас құтқарушы.

Арман Бахытжанұлының айтуынша, жаз айларында күніне 2 жағдайдан тіркелетін кездер болады. Оның үстіне сүңгуірлердің қатары аз. Кәсіби маман бұл салада жастардың тұрақтап қалуы қиын деп отыр.  Оның бір себебі жұмыстың ауырлығы болса, ең негізгісі – жалақының аздығы.

«Бригадада адам аз. Атырау қаласында барлығы 64 құтқарушы болса, сүңгуірлердің саны оның жартысына да жетпейді. Енді ғана еті үйрене бастаған жастар айлықты азсынып, басқа салаға ауысады. Жауапкершілігі мол, жалақысы аз жұмысқа жастар шыдасын ба?» дейді Арман.

Оның бұл сөзінен табысының мардымсыз екенін сезіп, суыртпақтап, жалақы көлемін сұрап көрдік. Қысы-жазы, күндіз түні адам өмірін арашалаумен жүретін құтқарушылардың айлық табысы 100-200 мың теңгеден аспайды екен.

- Біздегі басты мәселе - жалақының аздығы. Адамдардың қажетіне жарап, қиын сәтте жәрдемдескенге не жетеді? Алайда, материалдық жағдай тағы бар. Қымбатшылық бүйірден қысып, айлығымыз шайлығымызға жетпей қалған кездерде жалақысы жақсырақ жұмыс іздейтін боламыз. Кейін ол райымыздан қайтып, үйреншікті қызметімізге қайта кірісеміз, - дейді Арман Бахытжанұлы.

- Жұмыста кезігетін әртүрлі ауыр жағдайлар біздің де денсаулығымызға әсер етпей қоймайды. Жантүршігерлік жол апаты салдарынан мылжа-мылжасы шыққан автокөліктен адам денелерін алып шығуға тура келеді. Тіпті, адамдардың шашылған дене мүшелерін әр жерден жинап, теріп алған кезіміз де болды. Басқа да қатерлі сәттерде басымызды да бәйгеге тігуге тура келеді. Десек те, бұл – біздің кәсібіміз. Оны ешкімге міндет қылмаймыз. Тек бір өтінішіміз – жалақымыз өссе екен» дейді бас құтқарушы.

Құтқарушылардың айлықтарының өсіру жөнінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшылығы нақты ештеңе айта алмады. Ал, ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин жыл соңындағы жалақының 20 пайызға өсетінін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, ерекше ауыр жағдайда жұмыс істегендерге үстемақы да қарастырылмақ. - Біз Мемлекет басшысына құтқарушылардың жалақысын арттыру жөнінде хат жолдадық. Жоспар бойынша қаңтардың бірінен бастап қызметкерлеріміздің еңбекақысы 20 пайызға өседі. Ал ерекше ауыр жағдайда жұмыс істегендерге тағы қосымша ақша төленеді. Орташа есеппен алғанда күніне бұл сома 30 мың теңгені құрайды, - деді ведомство басшысы.