Шәкір Кейкин 100 жасқа толған тыл ардагерін құттықтады

Ұлы Отан соғысының тыл ардагері, қаламыздың білім саласына үлкен үлес қосқан зейнеткер ұстаз  Шамина Галина Михаиловна 100 жасқа толды. Мерейлі жасқа келген ардақты ұстазды Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин арнайы барып құттықтады, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.

- Құрметті Галина Михайловна! Сізді бүгінгі мерейлі жасыңызбен қала әкімдігі атынан арнайы құттықтаумен келіп отырмыз. Еліміздің болашағы үшін маңдай терін төккен Сіздей аналар мен ақылшы әжелердің ерен еңбегі өскелең ұрпаққа қашанда үлгі. Ол ешқашан ұмытылмайды. Ел есінде сақталған дара жолыңызды жоғары бағалаймыз. Осы мерейлі сәтте деніңіз сау, отбасыңыз аман, жүрегіңіз тыныш болсын деген тілегім бар. Киелі шаңырақтағы қуанышты күндеріңіз таусылмай, елдің алғысын ала беруіңізге тілектеспін! -деді Ш. Кейкин. 

Галина Михайловна – 1924 жылы  20 ақпанда қазіргі Махамбет ауданы, Сарайшық ауылында дүниеге келген. Тыл ардагері соғыстан кейінгі жылдары Куйбышев орта мектебінде (қазіргі №2 мектеп) 28 жыл, кейін №12 орта мектепте 14 жыл мектеп директорының білім саласы бойынша орынбасары қызметін абыройлы атқарып, көптеген шәкірттер тәрбиелеп, зейнетке шыққан.

Бүгінде Галина Михайловнаның бір ұлынан тараған екі немересі бар.