Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Индер ауданына жұмыссапарымен барып, Индербор кентінің тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі. Аймақ басшысы ел Президентінің «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндеттер мен облыста атқарылған жұмыстарға тоқталды. Индерліктер Жайықтың қазіргі жай-күйі, дәрігер мамандардың тапшылығы, қоқыс полигонынан келетін жағымсыз иіс, кәріз суы, балалар ойын алаңының жетіспеушілігі, интернет, т.б. мәселелерді қозғады. Аймақ басшысы қойылған сұрақтарға жауап беріп, көтерілген мәселелердің заң аясында шешілуі керектігін айтты. - Мемлекет басшысы өз Жолдауында халықтың өмір сүру сапасын жақсарту турасында нақты тапсырмалар міндеттеді. Алдағы уақытта талаптарды жүзеге асыруға жұмыстанамыз. Бүгінде көтерілген тақырыптардың ішінде кезек күттірмейтіндері бар. Оларды кезең-кезеңімен қоғам белсенділерімен жанашыр азаматтардың да ұсыныс-пікірлеріне құлақ асуымыз қажет. Өйткені, жергілікті атқарушы органдардың жұмысына қоғамдық бақылау жүргізу маңызды рөлге ие. Мен барлық ниет білдірушілерді осы бағытта бірігуге шақырамын,- деді облыс әкімі Серік Шәпкенов. Жұмыс сапары барысында Серік Шәпкенов Индербор кентінде тұратын азаматтарды жеке қабылдады. Айта кетейік, облыс әкімінің тұрғындармен болған кездесуі аудан әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларынан тікелей эфирде көрсетілді. >