Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Индер ауданына қарасты Жарсуат ауылдық округі тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ATPress.kz Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндеттерге тоқталған Серік Шәпкенов облыста атқарылған жұмыстар жайын айтып, алдағы жоспарымен бөлісті. - Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында маңызды мәселелерін шешуге және өңірді одан әрі дамытуға бағытталған кешенді даму жоспары бекітілді. Оның аясында 15 бағыт бойынша 187 іс-шара жүзеге асырылады, - деді Серік Шәпкенов. Облыс әкімі тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін де тыңдады. Олар басталғанына 2 жылдай уақыт болған денешынықтыру кешені құрылысының қашан аяқталатынын сұрап, әлеуметтік сала, зейнетақы, ауылішілік жолдарға асфальт салу, Махамбет Өтемісұлы атындағы әдеби-мемориалдық музейін жаңғырту жайында мәселе көтерді. Негізінен жарсуаттықтарды тас жолдарды тез тоздыратын көп тонналық жүк көліктері алаңдатып отыр. - Туған өлкеде жұмыс істеу мен үшін мәртебе. Білімімді, жиған тәжірибемді өңірді көркейтуге, дамытуға жұмсаймын. Сіздермен байланысты арттырып, ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдау үшін әлеуметтік желілерде парақшамды аштым. Негізі барлық салада тұралап қалған мәселелер бойынша тізім жасақтап, оны қалай, қашан шешеміз сол бағытта жұмыстанамыз. Халық игілігіне бағытталған нысандар уақытында әрі сапалы күйде пайдалануға берілуі керек. Осы бағытта әріптестермен жұмыс атқарамыз, - деді облыс әкімі. >