Серік Шәпкенов Әзірбайжан Республикасының Бас консулын қабылдады

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Әзірбайжан Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Эльмар Маммадов Рагим оглыны қабылдады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. Екіжақты кездесу барысында тараптар экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтып, бірнеше сала бойынша алыс-берісті арттуды және өңіраралық кәсіпкерлікті дамыту жайын талқылады.

Серік Шәпкенов Әзірбайжан елінің Атырау облысының сыртқы сауда байланыстарында маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Жыл басынан бері Атырау облысы мен  Әзірбайжан Республикасы арасында  сыртқы сауда айналымы 4,8 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт – 462,2 мың АҚШ доллары, импорт – 4,3 миллион АҚШ доллары.

Облыста негізінен көлік, азық-түлік қызметі және көтерме сауда саласында Әзірбайжан капиталының қатысуымен 90 кәсіпорын тіркелген.

Кездесу соңында қос тарап бірлескен жобаларды жүзеге асырудың жаңа формаларын іздестіруге және экономикалық байланысты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.