Серік Шәпкенов Атырауға 3D-баспа өндірісін әкелмек

Атырау облысының әкімі С.Шәпкенов австралиялық Apex Century компаниясының өкілдерімен кездесіп, өңірде жоғары технологиялы өндіріс жобасын іске асыру мүмкіндіктерін талқылады, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен ресми кездесу барысында айтылды. Жиында аддитивті өндіріс, яғни 3D-баспа технологияларын Атырау облысында дамыту және инвестициялық жобаны жүзеге асыру мәселелері қаралды.

Apex Century компаниясы металл, пластик және композиттік материалдарды өңдеуге арналған жоғары дәлдіктегі жабдықтарды әзірлеумен айналысады. Компания өнеркәсіп, медицина және құрылыс салаларына арналған 3D-баспа орталықтарын құрып, қосалқы бөлшектер мен арнайы өнімдер шығарады. Бұл бағыт мұнай-газ саласы үшін де маңызды.

Компания директоры Денис Ньюманның айтуынша, 3D-технологиялар күрделі бөлшектерді қысқа мерзімде дайындауға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе мұнай-газ саласында жедел жөндеу жұмыстары қажет болған жағдайда тиімді. Сонымен қатар, медицинада протездер мен стоматологиялық бұйымдар, ал құрылыс саласында сәулеттік элементтер мен инженерлік бөлшектер өндіруге жол ашады.

Жоба аясында Атырау облысында өндірістік база салу, 3D-баспа орталықтарының желісін кеңейту және осы салаға қажетті мамандарды даярлау жоспарланып отыр. Бұл жергілікті кәсіпорындардың сұранысын аз уақыт ішінде өтеуге мүмкіндік береді.

Кездесу барысында облыс әкімі Серік Шәпкенов өндірістік цех салу үшін жаңа арнайы экономикалық аймақтан жер телімін қарастыруды және жобаға мемлекеттік қолдау көрсету мәселесін пысықтауды тапсырды.

Айта кетейік, аддитивті өндіріс технологиялары импортты алмастыруға, жоғары технологиялы өнім үлесін арттыруға және өңірдің индустриялық әлеуетін күшейтуге бағытталған. Жобаны іске асыру кезеңдері алдағы уақытта нақты айқындалып, келіссөздер жалғасады.