Жексенбі, 20 қараша сайлау күні атыраулықтар қоғамдық көлікпен тегін қатынай алады, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
- 20 қарашада Атырау қаласының қоғамдық көлігі қалыпты режимде жұмыс істейді. Бұл күні қалада, қала маңына қатынайтын бағыттарда жол жүру тегін болады. Автобустар әдеттегідей таңғы сағат 6.00-ден 23.00-ге дейін жүреді. Ал 21 қараша, дүйсенбіден бастап қоғамдық көліктер әдеттегі жұмысын жалғастырады, - деді «Смарт-Атырау» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Арслан Аронов.
Айта кетейік, биыл сәуірден бастап қала әкімінің тапсырмасымен кәмелетке толмаған тұрғындар үшін тегін жол жүру қағидасы енгізілген болатын. Статистикалық мәліметке сүйенсек, Атырау қаласында 31 бағытқа қатынайтын 240 автобус бар.