«Сарайшық» сапар орталығы неге жабық?

Қазіргі уақытта мердігер компания асфальт жолды төсеудегі кемшіліктер мен басқа да шамалы кем-кетікті түзетіп жатыр,  деп хабарлайды AtyrauPress.

Естеріңізге сала кетейік, сапар орталығының құрылысы 2021 жылдың қазан айында басталып, 2023 жылдың наурызында аяқталды. Ал ресми ашылуы ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың мамыр айында Атырау облысына жұмыс сапарымен келген кезінде салтанатты түрде ашылды. Алайда, бұл орталық қазір жабық тұр.

Атырау облысы құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, тарихи орынның нақты қай күні ашылатыны әзірге белгісіз.

"Бүгінде сапар орталығы келіп көрем деушілер үшін жабық. Өйткені мердігер ұйым тапсырыс берушінің ескертуі бойынша жұмыстарды, соның ішінде асфальт жол төсеу бойынша кемшіліктерді түзетеді. Сондай-ақ, нысанды баланс ұстаушыға тапсыру үшін құжаттар дайындалып жатыр. Құжаттарды рәсімдеу жаздың соңына дейін жалғасады. Бірақ нақты ашылатын күні әлі белгісіз", - деді ол.

Айта кетейік, тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы, ал мердігер – «АС Құрылыс» ЖШС. Нысанның құрылысына 780 млн теңге бөлінді.

Әу баста «Сарайшық» сапар орталығында экспозициялық көрме залдары, қор қоймасы, конференц-зал, сондай-ақ зертханалық және реставрациялық бөлмелер, электронды деректер базасы бар кітапхана, дәріс өткізуге арналған алаңдар, ашық аспан астындағы музей және этноауыл болады делінген еді. Сондай-ақ, тұсаукесер кезінде орталықта ұзағырақ болғысы келетін туристер үшін он бөлмелі қонақ үй мен асхана қарастырылады деп уәде етілді. Әліптің артын бағайық...

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА