03 Қараша, 2022 2456

Сақалды құрылыс: Атыраудағы концерт залының тағдыры не болмақ?

 Сақалды құрылыс: Атыраудағы концерт залының тағдыры не болмақ?

Атырау облысының орталығында құрылысы 11 жылдан бері тұралап қалған концерт залының тағдыры бұлыңғыр. Енді 1200 орынға шақталған мәдениет ошағының құрылысын жандандырып, қайта қалпына келтіру үшін 5 млрд теңге қажет.

Концерт залының іргетасы сонау 2011 жылы облысты Бергей Рысқалиев басқарып тұрған кезде қаланған еді. Оның құрылысына облыстық бюджеттен 3 млрд теңге бөлінген-ді. Сол уақытта  жұмыстар тәулік бойы және белгіленген мерзімнен екі есе бұрын жүргізілді. Алайда 2012 жылы «Снабойлстрой» ЖШС-нің басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалып, құрылыс тоқтап қалады.

«2022 жылдың 29 қыркүйегінде Атырау қалалық сотына Атырау облысының құрылыс басқармасы заңды маңызы бар фактілерді анықтау туралы арызбен жүгінген. Құрылыс бөлімі өз өтінішінде «Снабойлстрой» ЖШС-нен аяқталмаған құрылыс нысанын, яғни Атырау қаласындағы заманауи өнер музейі мен көрме залы бар концерттік залды қабылдау актісі бар фактісін анықтауды сұрайды.  Бірақ Атырау қалалық сотының 2022 жылғы 5 қазандағы қаулысымен бұл арыз қабылданбады. Өйткені өтініш беруші қойған сұрақ сот анықтайтын заңды маңызы бар фактілердің қатарына жатпайды. Қаулыда тараптардың мемлекеттік сатып алу туралы шартқа шағымдануға құқығы бар екені нақтыланған», - деді Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы Мейрамгүл Өтеғұлова.

Қазір құрылысы тоқтап тұрған концерт залының көрінісі көңіл көншітпейді: айналасында қыбыр еткен жан жоқ, терезелері сынған, ал темір конструкциясын тот басып кеткен. Ол аз десеңіз, ғимараттың айналасы қоқыс орнына айналған. Атырау облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрлыбек Сапаровтың айтуынша, қаңтарылып тұрған құрылысқа жан бітіру үшін 5 млрд теңге қажет.

«Концерт залының темірбетон конструкциялары, металл конструкциялары ескірген, болашақта пайдалануға жарамсыз. Оған қоса, құрылысты аяқтау үшін тағы да шамамен 5 млрд теңге қажет. 2014 жылы облыстық мәслихаттың шешімі бойынша ғимаратты аяқтау тиімсіз деген шешім қабылданды», - деді 31 арна тілшісіне берген сұхбатында Н.Сапаров.

Құрылысы аяқталмаған нысан облыстық құрылыс басқармасының меншігінде болатын, енді ол облыс әкімдігіне тапсырылады. Жергілікті билік өкілдері инвесторлар тартып, сақалды құрылысты аяқтауды көздейді. Алайда сот тарапынан бұған рұқсат берілмей отыр. Оған бұрын құжатта кеткен қателіктер себеп болып отыр.

Ал әзірге ғимарат маңайы «қаңбақ қаңғыған» кейіпте тұр.  

 

 

Аударған Эльмира МЫҚТЫБАЕВА.