16 Қаңтар, 2023 147

Сал ауруына шалдыққан бүлдіршін аяғына тұрып кетті!

 Сал ауруына шалдыққан бүлдіршін аяғына тұрып кетті!

Атырауда сал ауруына шалдыққан бүлдіршін аяғына тұрып кетті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау облыстық Балаларды оңалу орталығының мамандары туа бітті сал ауруымен өмірге келген қос бүлдіршіннің аяққа тұруына көмектесті. Бұл туралы оңалту орталығының баспасөз қызметі мәлім етті. Өз қатарындағы балалар сияқты емін-еркін жүріп тұруды аңсаған ата-аналардың қуанышын бөлісуге орталық қонақтары мен ұжым қызметкерлері жиналды. «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директордың кадр және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Гүлбану Шарафетдинова мен оңалту орталығының директоры Бибігүл Жұмалиева қос бүлдіршіннің тұсауын кесіп, алғашқы қадамға ақ тілекті арнады.

Жаңа жылдық мерекемен тұспа-тұс келген тұсаукесер тойы Балаларды оңалту орталығы мамандарының үздіксіз жұмысының нәтижесі. Өйткені мидың күрделі зақымдалуы салдарынан тірек-қимыл қозғалысында ақауы бар балаларды аяққа тұрғызу үшін ұзақ мерзімді жаттығулар керек, дейді емдік-дене шынықтырудың нұсқаушысы Қырмызы Төлегенова.

- Ахмат Ерболұлына дәрігерлер микроцефалия диагнозын қойған, ал Ермұхан Сағытжан тумысынан сал ауруымен ауырады. Мәселен, Ахмат, 1 жасқа дейін төсек тартып жатты. Ол өз еркімен еңбектей алмайтын, отыру мен тұруды, яғни өзінің денесін басқаруды білмеді. Алдымен үш ай бойы тұрақты жаттығуларды қайталап жасай бердік. Одан кейін араға аз уақыт үзіліс алып емдік-дене шынықтыру жұмыстарын қайта жалғастырдық. Осылайша бір жылға жуық реабилитациядан кейін алғашқы нәтижелер байқала бастады. Балалар алдымен бойын тік ұстауды үйренді. Одан соң отырып, тұруды, күніне бірнеше қадам жасауды меңгерді. Демек баланың қол аяғы жұмыс істеуі үшін миға тиісті сигналдар берілді. Бұл орайда ұстанған негізгі принцп - бала миын белсендіру, бұлшықеттерді қатайту. Әрине, бұл үлкен табандылықты, қажыр-қайратты қажет ететін жұмыс. Ешнәрсе бірден болмайды. Сол себепті көп ата-аналар мұндай ұзақ мерзімге дайын болмаған соң орта жолдан тастап кетеді. Ал ең қуаныштысы баланың өз аяғымен жүруі екенін ата-аналар кейде түсінбейді», - дейді орталықтың емдік-дене шынықтыру маманы Қырмызы Төлегенова.

Жылына Балаларды оңалту орталығына тірек-қимыл қозғалысын оңалту бойынша 70-ке жуық бала келеді. Олардың арасында жеңіл және аса ауыр түрдегі науқастар бар. Барлығының арманы бір - аурудан айығу.  Ата-аналардың үміт отын сөндірмей, сенімін ақтауға тырысатын атыраулық реабилитологтардың қызметі әркез құрметке лайық. Өйткені ерекше балалармен жұмыс істеу - абыройлы міндет.