Сафондағы мектеп адам танымастай өзгерді

Құрманғазы ауданына қарасты Сафон ауылдық округінде аймақтағы алғашқы тірек мектебі ашылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Қадыр Мырза Әлі атындағы білім ұясы «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасы аясында заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтылып, оқу бөлмелері жаңартылды. Бұл туралы Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Облысымыздағы алғашқы тірек мектептің тұсаукесеріне Құрманғазы ауданы әкімі Марат Мурзиев, Атыраудағы NIS директоры Ерали Бижанов, Білім саласын тұрақты дамыту қорының жетекшісі Данияр Тоқтарбаев, Атырау облыстық әдістемелік орталық меңгерушісі Дана Қонысқызы арнайы қатысты.

- «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» бастамасымен негізгі ауыл мектептерін дамыту бойынша «Қайырымдылық» жобасының арқасында Қазақстандағы 17 мектеп материалды жаңарту мүмкіндігіне ие болды. Ал оның сапында Құрманғазы ауданындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мектебіміздің болуы қуантарлық жайт. Техникалық базасын жаңартып қана қоймай, мұғалімдерге де әдістемелік көмек беріледі. Біздің оқушыларымыз жаңаша леппен білім сапасын арттыруға мүмкіндік алады, – деді ұстаздар алдында сөз сөйлеген аудан басшысы Марат Мурзиев.
Бұл игі бастама «Білім беруді тұрақты дамыту қоры» мен «Қазақстан халқына» қоры және Назарбаев Зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымының қолдауымен жүзеге асып отыр.

Жобаның мақсаты – еліміздегі ең үздік мектептермен тығыз серіктестік орнатып, ауыл мектептерінің тиімділігін арттыру.

Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев аудан басшысына жоба аясында жабдықталған оқу кабинеттері мен қосымша білім беру шеберханаларын таныстырып өтті.

 – Бүгінгі тұсаукесер біздің жұмысымыздың тек бастамасы ғана. Себебі, 2022 жылдың шілде айында қол қойылған NIS, Қазақстан халқына қоры мен Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының үш жақты келісім шарты аясында бұл мектеппен қазірге дейін біліктілікті арттыру, ұстаздарға арналған оқыту курстары мен семинарлар ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатыр. Болашақта үш жыл шамасында біз осы мектеп ұжымымен бірге жұмыс істейміз. НЗМ тарапынан әдістемелік қолдау көрсетіледі. 3 жыл ішінде мектепті ауыл өмірінің орталығы ретінде балалардың потенциалын ашатын нағыз оқу ордасы ретінде жеткізуге мақсат қойып отырмыз, – деп атап өтті Білім саласын тұрақты дамыту қорының жетекшісі Данияр Тоқтарбаев.

Бастысы, балалардың қуанышында шек жоқ. Олар үшін су жаңа құрылғылармен жұмыс жасаудың өзі үлкен жетістік.

 – Мен мектепке осындай түрлі тігін машиналары келгеніне қуаныштымын. Біз осы тігін машинасынан түрлі маталар үстіне өрнектер салып үйренудеміз. Құрылғының құрылымымен, қалай қолдану қажеттігімен де танысудамын, – дейді орта мектеп оқушысы Жазира Сәбитова.

Айта кетелік, бұл мектепке 2021 жылы жаңғыртылу жұмыстары жүргізіліп, дәліздері жөндеуден өтіп, спорт зал, асхана, кітапханалары заманауи жабдықтармен толыққан. Білім ордасында 362 оқушы қазақ тілінде дәріс алуда.