Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына 200 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді

Биыл Атырауда Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығын тойлауға 183 863 450 теңге бөлінді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Мерекелік іс-шаралар мамыр айынан бастау алмақ. Бұл туралы облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов мәлім етті.

«Бұған дейін Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театры 15-18 мамыр аралығында Астана қаласына, 21-24 мамырда Түркістан қаласына гастрольдік сапармен, Атырау облыстық филармониясы 2023 жылдың 19-23 наурыз аралығында еліміздің ұлттық мерекесі Наурыз мейрамын дәріптеп, ұлтымыздың баға жетпес мол мұрасын өзге елге кеңінен таныстыру мақсатында Қазақстан Республикасының Женевадағы Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдігімен бірлесе отырып Швейцария мемлекетінің Женева қаласына гастрольдік сапармен барып келді» деді Ә.Тауфикұлы.

Алдағы уақытта облыстық театр ұжымының Бейбарыс Сұлтанның 800 жылдығына орай Мысыр елінің астанасы Кайр қаласына гастрольдік сапары жоспарланған. Сондай-ақ, «Ерлігі ерен ер бабам!» Республикалық ақындар айтысы мен «Дала барысы – Мысырдың Бейбарысы» тақырыбында суретшілердің республикалық симпозиумы өтпек.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото:gov.kz