Рамазанның соңғы 10 күнін қалай өткізген дұрыс?

Қасиетті Рамазан айының соңғы онкүніне де қадам бастық. Қасиетті айдың соңғы он күнін, оның ішінде тақ түндерін мұсылман адам қалай қарсылауы тиіс?
Бұл туралы ATPress.kz тілшісі Атырау облыстық Иманғали  орталық мешітінің наиб имамы Арман Исаевпен тілдескен еді.
«Қасиетті Рамазан айының соңғы онкүндігінің ерекшелігі бұл күндері, нақтырақ айтқанда тақ түндеріне Қадыр түні сәйкес келуі мүмкін. Өйткені, Алла Тағала мың айдан да қайырлы  болған түнді Рамазан айының соңғы түндеріне жасырған» дейді діндар.
Сол себепті ғалымдар соңғы түндерде  Алланың ризашылығы үшін ғибадат жасап, намаз оқып,Жаратушының алдындағы  құлдық сезімдерімізді арттыруға жұмыстануымыз керек» дейді облыстық мешіттің наиб имамы.
«Бұл түндерде Құран Кәрім оқылып, түсінуге ынта қойып, Құранға деген сүйіспеншіліктер оянуы тиіс.Пайғамбарымызға (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтып, оның үммбетінен болғанымызды саналы түрде сезініп, оның жолын берік ұстануымыз шарт.
Бұл түндерде тәубе тілеп, пенде өз нәпсісін есептен өткізіп, қателік жасаудан сақсынып, қайырлы істерді жасауға құмбыл болуы шарт.
Алланы жиі еске алған дұрыс. Алланы еске алғаннан жүрек тынышталады.
Ұлы Жаратушының ұшы қиыры жоқ құдіретімен жоқтан бар болған жаратылыстың сырларын нәзік тефеккур (жақсы терең ойланып) етіп, иманымызды күшейтуіміз қажет. Сонымен бірге, дұға жасауымыз керек. Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл түні көбінесе: «Аллаһым сен кешірімдісің, кешіруді сүйесің, мені кешіре гөр» деген.
Бұл түндердің күндізін де бейне кеш секілді өткізу ләзім. Осылай болған болса, мүбәрак түннің рухтарға төккен шұғыласы сіңімді болып, жүректің қақ төрінен орын алары сөзсіз» деді  Атырау облыстық орталық мешітінің наиб имамы Арман Исаев.