16 Қаңтар, 2023 156

Қызылқоғада балалар тұмауға шалдығуда...

 Қызылқоғада балалар тұмауға шалдығуда...

Ауа райының күрт өзгеруіне байланы аудандық ауруханада 68 адам жедел вирусты респираторлық аурудан емделді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Аудандық аурухананың баспасөз қызметі мәлім еткендей, ауырғандардың 41-і балалар болып отыр. Әдетте біз тұмауға жеңіл-желпі қарай саламыз. Алайда бұның соңы денедегі өзге де созылмалы ауруларды өршітіп, асқынуға әкелуі мүмкін. Тұмауды қоздыратын вирустар тыныс жолының кілегей қабығында өсіп-өнеді. Тұмау микробы ауаға жөтелгенде, түшкіргенде және қақырық арқылы таралады. Тұмау вирусы өте тез тарайды.

 - Күн суытқаннан бастап алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Учаскелік дәрігер кезекшілік атқарады. Жалпы жұқпалы аурумен балалар жиі науқастанады. Сондықтан алдын ала ақпарат беріліп, екпе салынып, тұмаудан сақтану жолдары түсіндіріледі, - дейді эпидемиолог дәрігер Ақниет Қоныс.

2800 адамға екпе салынса, оның ішінде 510 бала, 197 жүкті әйел. Балалар мен дәрігерлік есепте тұрған науқастарға екпе тегін салынады.

Тұмау басталғанда дене дел-сал болып, көңіл күйі нашарлайды және науқастың тағамға тәбеті шаппайды. Бір-екі күннен кейін дене қызуы көтеріліп, бас ауырады, бұлшық еттер сыздап, буын-буын сырқырайды, мұрын бітеді, дауыс қарлығып, жөтел пайда болады, тамақ қызарып, жұтынғанда ауырады, көз қызарып жасаурайды. Тұмаумен ауырған адам міндетті түрде дәрігердің бақылауында болып, ауасы таза оңаша бөлмеде жатып тынығуы керек. Дене қызуын, дене сырқырауын басатын дәрілер ішкен жөн.