31 «тамыз», 2022 284

Қызылқоға ауданында шөп дайындау үшін 47 мың гектардан астам жер берілді

 Қызылқоға ауданында шөп дайындау үшін 47 мың гектардан астам жер берілді

Бұл туралы Қызылқоға аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ержан Нұралин мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Аудан тұрғындарының 90%-ы мал шаруашылығымен айналысады. Биыл аудандағы 33824 бас сиыр, 141750 бас қой-ешкі, 15784 жылқы, 1816 бас түйеге қажетті мал азығы 136760 тонна деп жоспарланған.

- Оның ішінде жеке тұрғындарға қажетті мал азығы 67447 тонна болса, шаруа қожалықтарына 69313 тонна керек. Өткен жылдан 5810 тонна мал азығы қалды. Аудан бойынша қыстан шығу үшін 136 760 тонна шөп қажет болса, бүгінде дайындалғаны 80 мың тоннаға жуықтайды, - деді Е.Нұралин.

Енді мал азығының бағасын тұрақтандыру мақсатында, аудандық жер комиссиясының шешімімен Тайсойған сынақ полигоны жерінен 11 мал азығын дайындаушыға 22000 гектар жер және 24 шаруагерге ауданның теңгерімінен (Темірбай, Жайыққожа, Тайман, Ұлықпан, Баба, Шеңгелді алқаптары) 25700 гектар жер учаскесі берілді. Барлығы 35 аграрға 47 700 гектар шабындық жер берілді.

Жем-шөп қорын дайындауға аудан бойынша 125 трактор, 118 тіркеме, 113 шабу агрегат, 215 адам жұмылдырылған. Мал азығын дайындау маусымы басталғалы шаруа қожалықтары 35 аз қамтылған отбасыға 361 рулон (108,3 тн) шөппен көмек көрсетті. Ал мал азығын дайындаудан қиындық көріп отырған Жамбыл ауылдық округіне 6000 теңгеден полигон аумағынан мал азығын апару жөнінде келісіліп, алғашқы 40 рулоны тасымалдана бастады. Сонымен қатар шөп бағасы да тұрақтаған. Мәселен 250 келілік рулонның бағасы-6000 теңге, ал 200 келісі-5000 теңге, бір машина бос шөп-40000 теңге деп бекітілген.