"Қысқа дайындық жазда болуы керек". С.Шәпкенов олқылықтарды сынға алды

Атырауда жылу беру маусымы басталғалы облыс тұрғындарынан апаттық жағдайларға қатысты 5 530 шағымдар тіркелді деп хабарлайды AyrauPress.

Бұл туралы  облыс әкімдігіндегі жылу маусымындағы өзекті мәселелер талқыланған жиында облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы А.Кенжебеков мәлімдеді.
 

«6 желтоқсанға қараған түні Нұрсая ықшамауданының жылу бөлімшесінде қазандықтың істен шығуына байланысты тоғыз көпқабатты тұрғын үйге жылу беру тоқтатылды. Арнайы мамандандырылған мекемелердің жедел жұмылдыруы салдарынан тұрғын үйлер қайта жылуға қосылды.
Бұндай жағдайлар жыл сайын қайталанып, тұрғындардың наразылықтарын тудыруда. Осыған орай, қала әкімдігі тарапынан қаладағы тозығы жеткен жеке жылу қазандықтарынан алып тұрған Нұрсая ықшамауданында орналасқан көп қабатты тұрғын үйлердің жылу және ыстық су желілерінің қуаттылығын арттыру мақсатында қосымша 3 дана жылу қазандығын орнату  жұмыстары жүріп жатыр. 15 желтоқсанда іске қосылады» деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ ол жалпы Нұрсая ықшамауданындағы жыл сайын орын алатын апаттық жағдайлар бойынша мәселелерді түбегейлі шешу үшін қала әкімдігі тарапынан тұрғын үйлерді жылытатын жылу қазандықтарына және жылу жүйелеріне толық зерделеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті.


«Бұдан басқа, Жылыой ауданы әкімдігінің мәліметіне сәйкес аудан жылу беру маусымына толықтай дайындалып,                       86 көпқабатты тұрғын үйлерге жүргізілген ұзындығы                                     17 шақырымды құрайтын жылу желілеріне «Жылыойсу»  МКК-ның өз қаражаты есебінен жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алайда, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 8 желтоқсанда басқарманың, аумақтық атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті департаментінің өкілдерінен құрылған жұмыс тобымен Құлсары қаласына кезекті тексеріс жұмыстарын жүргізу барысында көшелік жылу құбырларының кей жерлерінің оқшауланбағаны анықталып, тиісті аудан әкімдігіне және жылумен жабдықтаушы мекемеге кемшіліктерді жою бойынша тапсырмалар берілді» деді А.Кенжебеков.


Атырау қаласындағы қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №79 мекемесінің ғимаратын жылытатын автономдық жылыту қазандығының апаттық тоқтатылуына байланысты 300 адамға арналған әйелдер колониясы да жылусыз қалған.


«Мекемеде 2 қазандықтың 1-еуі істен шыққаны, жеткізуші «Еңбек-Батыс» мекемесі қажетті шараларды жылыту маусымына дейін қабылдамағаны анықталды. Сонымен қатар, жылу орталықтары қараусыз қалып, операторлармен қамтамасыз етілмеген. Қазіргі таңда мекемеге қанжылым жылу беріліп отыр. Мекеменің мәлімдеуі бойынша қазандық ауыстыруға тапсырыс беріліп,  шамамен 15 күннен жеткізілетін болады. Осындай жағдай басқа да қылмыстық атқару жүйесі департаменттерінде орын алу қаупі бар. Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ерлер колониясында 2 қазандығы да апатты жағдайда тұр. Жедел шаралар қабылауды қажет етеді» деді А.Кенжебеков.


 Басқарма бастығы бұған дейінгі атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, жалпы жылу беру маусымына  3  млрд теңге қаражат бөлінсе, соның ішінде облыстық бюджет есебінен  1 млрд теңге жұмсалған.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов кейбір жағдайлар мемлекеттік органдардың арасында өзара байланыстың болмауынан туынап отырғанын айтты.

-  Жаз бойына жылыту маусымына дайындалдық. Қаражатты бөлдік, кем-кетіктерді анықтадық. Ақауларды жөндедік, сөйтіп, қысқа 100 пайыз дайынбыз дедік. Ендігі жерде осы жылыту маусымын ойдағыдай өткізуіміз керек. Мына жерде 1 сағат баяндама оқығаннан жаңа айтылған 68 пайыз тозығы жеткен кәріз құдықтары жамалып қалмайды. Негізі қысқа жазда дайындалуымыз керек қой. Менің білгім келетіні, біз қай жерден кемшіліктер жіберіп алдық? Мүмкін жылу маусымына қатысты бұған дейін бізге жеткн ақпараттар шындыққа сай келмейтін шығар. Өйткені, кейбір мекемелердің барлық келісімшарттары болғанымен, ешқандай жұмыс істелмеген. Бұл кемшіліктер кімнен кетіп жатыр?
Қазіргі таңда резервте қажетті қаражат бар ма, материалдарымыз толығымен жеткілікті ме? Осы мәселелер маңызды. Жаңа айтылған мәселелер бойынша, комисссия өкілдері ұсыныстарын берді. Енді қаңтар айында өзіміздің бағдарламамызды жасақтауымыз керек, -деді облыс әкімі.