ҚҰРМАНҒАЗЫДА КӘРІЗДІ ТАЗАРТУ ҚОНДЫРҒЫСЫН САЛУ ЖОСПАРЛАНҒАН

Құрманғазы ауылындағы қоқыс алаңы ауылдан 1,5 шақырым жерде орналасқан, жер көлемі 13,65 га. Аталған алаң 1980 жылдары стихиялық түрде ашылған, - деп хабарлайды Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Күні бүгінге дейін қоқыс алаңы заңды рәсімделмеген болатын. Аудан әкімі М.Мурзиевтің тапсырмасына сай, алаңның құжаттары жасақталып, жер телімі аудан әкімдігінің 2021 жылғы 2 қарашадағы №300 қаулысымен аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне берілді. Осы қаулыға сай, тиісті қаражат бөлініп, 2022 жылдың желтоқсан айында құжаттары толықтай жоғарыда аталған бөлімге тапсырылды.

Сонымен қатар 2023 жылға Құрманғазы ауданына ангар және тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау қондырғысын сатып алуға 60 000,0 мың теңге қаржы қаралып, конкурстық құжаттарын жасақтау жұмыстары жүргізілуде.

Құжаттары рәсімделгенге дейін Құрманғазы ауданы әкімдігінің нұсқамасына сай, алаң аумағына күтіп-ұстау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Нақты айтқанда, Құрманғазы ауылдық округі аппаратының санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мақсатында «Зере» жеке кәсіпкерлігімен екі арада жасасқан келісімшарт негізінде айына 2 рет қоқыс қалдықтарын техника күшімен күреу жұмыстары жүруде. Одан бөлек, қоғамдық ақылы қызметкерлер арқылы  сағат 9:00-18:30 уақыт аралығында кезекшілік ұйымдастырылуда. Соның нәтижесінде, өткен жылы санитарлық талаптарды бұзған тұрғындар анықталып, жергілікті полиция өкілдерімен  жеті тұрғынға жалпы сомасы 53 602 теңгені құрайтын айыппұл салынды.

«Жалпы, бұл жерде тазалық мәселесіне біржақты қарауға болмайды. Табиғат тазалығы баршамызға ортақ міндет. Әр тұрғын өз ауласын таза ұстағандай, мұндай қоқыс алаңдарына да сондай жауапкершілікпен қараулары тиіс. Өкінішке орай бізде олай болмай тұр. Мен өзім де осы маңда тұрамын. Қоқыс алаңына тазалықшылар келіп, шама-шарқыларынша еңбектеніп, тазалық жұмыстарын жүргізеді. Оны көріп те, байқап та жүрмін. Бірақ көп ұзамай-ақ алаңды қайта күл-қоқыс жайлайды. Себебі тұрғындардың дені қоқыс қалдықтарын жетер жеріне жеткізбей көрінген жерге тастай кетеді. Меніңше бұл үлкен жауапсыздық деп ойлаймын. Алдағы күндері қоқыс алаңының қоршалатыны айтылды. Солай десек те, тазалықтың ең алдымен өзімізден басталатынын түсінгеніміз абзал»,- дейді көтерілген мәселеге қатысты пікірін білдірген ауыл тұрғыны Сексенбай Ашимов. 

Қоқыс алаңының батыс беткейінен 700-ге жуық тал-теректер отырғызылды. Олар тұрмыстық қалдықтардың желді күндері алаңнан тыс жерлерге шашылмауына кедергі болады. Сондай-ақ, алаңды қоршау мақсатында сметалық есеп шығарылып, ағымдағы жылдың қаңтар айында Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына 20413,0 мың теңге қаржыға бюджеттік өтінім берілді.

Айта кетелік, Құрманғазы ауданын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді даму жоспарына сәйкес, 2024-2025 жылдары Құрманғазы ауылынан кәрізді тазарту қондырғысын салу жоспарланған. Қазіргі таңда Атырау облыстық Құрылыс басқармасымен жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Жобалаушы мекеме «Атырау Стройпроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.