ATPress.kz тілшісі Құрбан айтқа қатысты сауалдарға жауап алу мақсатында «Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы Арман Исаевпен сұхбаттасты.
- Шілде айының 9-ы - Құрбан айттың алғашқы күні. Осы орайда Қасиетті мереке туралы, оқырмандар тарапынан келген сауалдарға жауап іздесек. Жалпы мерекенің тарихына тоқтала кетсеңіз?
- Бисмиллаһир рохманир рохиим. Алланың бұйыруы бойынша бірінші құрбандық Ибрагим Пайғамбардың сүйікті баласы – Исмаил болуы керек болды. Не әкесі, не баласы қарсы болған жоқ. Аллаһ әкесі мен баласының өзіне берілгендігіне көз жеткізіп, оларды құрбандыққа шалған жұмақтан аспан түстес көк қошқарды түсіріп, оларға мейірімін нәсіп қылды. Содан бері осы игі дәстүр жалғасын табуда.
- Құрбан айт күні қандай амал жасалады?
- Бұл мерекенің ең басты ерекшелігі, қасиетті Құранда айтылғандай, мұсылмандар Раббысы үшін айт намазын оқып, құрбан шалады. Ал, құрбан шалу уақыты өтумен міндет түспейді. Сатып алған құрбандығын айт күндері шала алмаса, оны тірідей садақа етеді немесе сойып, барлық етін садақа етеді, одан ештеңе жемейді. Өйткені, уақыты өтумен құрбандық міндеті садақа міндетіне ауысады. Құрбандықты әлі сатып алмаған болса, құрбандық құны мөлшерінде садақа етеді.
- Құрбан шалу кімдерге міндеттелген?
- Құрбандық шалу ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған, ауқатты, муқим (тұрақты), әрбір ер және әйел мұсылманға бұйырылды. Ал жолаушыға, уақытша (15 күннен аз) қоныстанған, қажыға барған (меккеліктен басқа) және кедей адамға құрбандық шалу міндет емес. Бай деген – өзінің және отбасының негізгі қажеттілігінен артық мал-дүниесі зекет нисабына жеткен (85 грамм алтыны, 40 қойы, 30 қарамалы немесе 5 түйесі бар) адам. Ақылды, балиғат жасына толған адам құрбандықты өз атынан шалады. Кішкентай балалары атынан құрбандық шалу міндет емес. Сатып алған құрбандығы жоғалса, өлсе немесе ұрланса, басқасын сатып алу міндет болады. Екінші малды сатып алғаннан кейін құрбандығы табылса, оның ең жақсысын шалады. Екеуін де құрбандыққа шалу жақсырақ. Кедей адам құрбан шалу ниетімен бір қой сатып алса, оған сол құрбандықты шалу уәжіп болады. Егер сатып алған малы ұрланса немесе жоғалса, оған ештеңе міндет болмайды. Егер құрбандықты тәрк етіп, уақыт өтіп кетсе, бай секілді оның да садақа беруі міндет болады.
- Құрбандық дұрыс болуы үшін құлшылықтың қандайда бір шарттары орындалуы керек шығар?
- Иә, дұрыс айтасыз, құрбан шалу үшін мына үш шарт орындалуы қажет: құрбандық малының сау болуы; айт күндері құрбандық шалу және ниет ету. Ниет жүрекпен етіледі. Оны тілмен айту шарт емес.
- Құрбандыққа қандай мал шалынады?
- Құрбандыққа таңдап алынған малдың сау, мінсіз болуы талап етіледі. Біріншіден, бұл пенденің Жаратушы Иесіне деген жоғары деңгейдегі әдептілік қарым-қатынасын көрсетеді. Құрбандықтың еті де, қаны да Алла Тағалаға қажет еместігі, Оған тек пенденің тақуалығы ғана жетіп баратыны белгілі. Осы орайда пенде құрбандық үшін сау, айыпсыз малды іздеп табу арқылы тақуалыққа әрекет етеді. Екіншіден, осы арқылы кедейлердің жабырқаңқы көңілдері көтеріледі. Оларға жарамсыз, кемшілігі бар малдың етін емес, ең әдемі малдың етін сыйға тарту жақсы іс саналады. Құрбандыққа қой, ешкі, ірі қара немесе түйе шалынады. Малдың еркегі де, ұрғашысы да жарайды. Еті көп, дәмі жақсы болғаны абзал. Қой мен ешкі бір адамның атынан бауыздалады. Бір адам екі қой бауыздаса, екеуі де құрбандық болады және екі құрбандықтың сауабын алады.
- Топ болып бірлесіп шалуға да болады деп естиміз...
- Иә, түйе мен мүйізді ірі қара малын бір адамнан жеті адамға дейін бірлесіп шалуға болады. Бұған Жабирдің (одан Алла разы болсын) «Алла елшісімен бірге Худайбияда бір түйені жеті адамның атынан және бір қарамалды жеті адамның атынан бауыздадық» деп айтқан сөзі дәлел. Мұнда жеті адамның да ниеті құрбандық шалу немесе етін садақа ету болуы керек.
- Қандай мал шалынатынын білдік. Ал, шалуға болмайтын малдарға тоқталсаңыз?
- Көзі көрмейтін, бір көзі жоқ, ақсақ, тым арық, тістері жоқ, құлағы кесілген, желіні кепкен, құйрығы немесе құлағының үштен бір бөлігінен көбі кесілген малды құрбандыққа шалу дұрыс емес. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Төрт мал құрбандыққа жарамайды: қылилығы айқын, ауруы анық, ақсақтығы мәлім, жілік майы таусылған (тым арық) малдар», – деген. Мүйізі жоқ немесе мүйізі сынған, құлағы жарылған немесе тесілген малды құрбандыққа шалуға болады. Сонымен қатар, піштірілген малды да құрбандыққа шалады. Ондай малдың еті мол әрі дәмі тәтті болады және ол айып болып есептелмейді. Сатып алған құрбандық малы айыпты болып қалса, оны сау малға ауыстырады. Малды бауыздайтын кезде не бауыздау себебімен көзін шұқып алса немесе союға апара жатып аяғын сындырып алса, оның оқасы жоқ. Тағы бір айта кетер жайт, белгілі бір жасқа жеткен мал құрбандыққа шалынады. Қой мен ешкі бір жасқа жетуі керек. Үлкендігі бір жасар қойға ұқсас алты айға толған семіз әрі ірі қойды да құрбандыққа шалуға рұқсат етіледі. Ал, ірі қара екі жасқа, түйе малы бес жасқа толуы шарт.
- Биылғы Құрбан айтта мешіттерде қандай шаралар жоспарлануда?
- Алла қаласа, 9-шы шілде күні таңғы 06:30 да айт намазы оқылып болған соң, әр түрлі дәстүрлі іс-шаралар, ұлттық ойындарды ұйымдастыру жоспарлануда. Және кішкентай балаларға мерекені сезіндіру үшін айттық сыйлықтар таратылады. Қалған күндері де жоспар бойынша құрбандық шалумен қатар қайырымды хайырлы істер жалғасын табады.
Айта кететін жайт, құрбандық биыл да QURBAN 2022 kz сайты арқылы онлайн және офлайн түрде жүзеге асырылады. Мұқтаж жандардың үйлеріне еріктілер жеткізіп береді.
- Қасиетті мерекедегі тілегіңіз...
- Қасиетті Құрбан айт мерекесі құтты болсын. Баршамыздың шынайы ниетпен шалған құрбандықтарыңызды Алла қабыл етсін. Ел-жұртымызға амандық бақ-береке тілеймін.
- Әңгімеңізге рақмет.