21 Қазан, 2022 2197

Құлсарыда балабақшаны талқандағандардың заңды өкілдеріне сот шешімі шықты

 Құлсарыда балабақшаны талқандағандардың заңды өкілдеріне сот шешімі шықты

Бұл туралы Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды AtyrauPress.

Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін олардың 6 заңды өкіліне қатысты ӘҚБтК-нің 127-бабының 1-бөлігі бойынша істер қаралды.

Естеріңізде болса, 1 қазан күні сағат 15.00 шамасында 2011-2012 жылы туған балалар Құлсары қаласындағы "Қызғалдақ" балабақшасына кіріп, терезелерін сындырып, балалар бөлмесін, бөбекжайды және асхананы тас-талқан еткені туралы жазған едік.

Сот отырысында 6 жасөспірімнің заңды өкілдері кінәсін мойындап, балалардың жасаған әрекеттеріне өкініп, аз мөлшерде айыппұл тағайындауды сұрады.

ӘҚБтК-тің 127-бабының 1-бөлігінің санкциясында 10 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі жаза көзделген. Кінәні мойындаған жағдайда сот әкімшілік айыппұл сомасын 30% - ға қысқартуға құқылы. Осылайша, сот жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтың сипатын, заңды өкілдерінің жеке басын және олардың құқық бұзушылық жасалғанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқын ескере отырып, оларға 21 441 теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жазасын қолданды.