06 «Желтоқсан», 2022 509

Құлсары қаласына 17 млн теңгеге шырша сатып алынбақ

 Құлсары қаласына 17 млн теңгеге шырша сатып алынбақ

Биыл Құлсары қаласындағы аудан әкімдігіне қарама-қарсы орналасқан сахна алаңына құны 17 млн теңге құрайтын жаңа жылдық жасыл шырша көрік бермек.

Бұл қаражатты Құлсары қаласы әкімі аппараты  шырша сатып алу, оны орнату және безендіруге жұмсауды  жоспарлап отыр.  Шыршаның биіктігі – 16 метр болады.

Жаңа жылдың басты символы  жиналмалы-құралмалы  және  қаңқасы конус тәріздес болады. Сонымен қатар  ол  он метрлік гирляндалармен және  жылтыр шарлармен  безендіріледі.

Жылыой ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Ақмоншақ Әбілхасованың айтуынша, бәсекелестік ортада конкурстың жеңімпазы болып төмен баға ұсынған өнім беруші жеңімпаз болып анықталады.

- Құлсары қаласы әкімі аппараты еліміздегі шырша сатумен айналысатын өнім берушілерден ұзындығы 16 метрды құрайтын шыршаның және оны безендіретін жарықтар мен ойыншықтарының баға ұсынымы алынған болатын.  Алынған баға ұсыным негізінде Құлсары қаласы әкімі аппаратымен мемлекеттік сатып алу порталында, 17003550 теңгеге 16 метрлік шырша сатып алу және орнату жұмыстарына баға ұсынымын сұрату тәсілімен конкурс жарияланды, - деді баспасөз хатшысы.  

Соңғы рет Құлсары қаласына шырша  2017 жылы сатып алынған екен.  Осы күнге дейін Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Орталық алаңға құрылып, қала тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлап келді. Алайда уақыт өте келе алаңға көрік беріп,  мерекенің сәніне айналған шыршаның  тозығы жетті.  Осыған  байланысты оны ауыстыру туралы шешім қабылданған.

 

Суретте ескі шыршаның фотосы.