29 Қыркүйек, 2022 177

"Қоғамдық бақылауды күшейту керек". С.Шәпкенов Индер ауданында болды

 «Қоғамдық бақылауды күшейту керек». С.Шәпкенов Индер ауданында болды

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Индер ауданы Көктоғай ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, әлеуметтік нысандарды аралады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

  Аймақ басшысы ауылдағы Б.Нысанбаев атындағы орта мектептің жұмысымен танысты. 454 орындық білім ошағында 500-ден астам бала білім алуда. Санитарлық талапқа сәйкестендіру үшін қосымша жапсаржай салу мәселесі көтерілді.

 - Қазір ауылдағы бір балабақшада 40 тәрбиеленуші бар. Бірақ балабақшадан орын таппаған қалған балаларды мектеп тәрбиелеуде. Осында 102 бала мектеп алды даярлық тобында оқиды. Алайда оларға мектептегі кабинет саны жетіспейді. Білім ошағындағы барлығы 18 кабинетте 1-11 сынып аралығындағы 577 оқушы білім алуда. Мектеп алды даярлық тәрбиесімен айналысу үшін дәлізді пластикпен бөліп, кабинет жасақтап, екі ауысымда оқытудамыз, -деді мектеп директоры Анар Үмбет.

  Серік Шәпкенов Көктоғай ауылындағы дене шынықтыру - сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Спорт кешенінің құрылысын «SCS Инжиниринг» ЖШС-і мердігер мекемесі «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында 2021 жылдың шілде айында бастады.

 - Заң бәріне ортақ. Қазір сапасыз құрылыс жүргізгені үшін мемлекеттік қызметкермен қоса мердігер мекеме де, техникалық бақылаушы да жазаға тартылады. Спорт кешенінің іргетасы қаланған кезде мұндай кемшілікке жол бермей, уақытылы қадағалап, құжат бойынша жұмыс жасауыңыз керек еді. Бұл халыққа керек нысан. Сондықтан аудандық құрылыс бөлімі өз бақылауыңызға алып, нақты шарасын қабылдаңыздар. Егер уақытында тапсырылмаса заң бойынша жауапқа тартылуы керек, -деді Серік Шәпкенов.

 Аймақ басшысы жұмыс сапары аясында ауыл тұрғындарымен кездесті. Серік Шәпкенов округте атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасап, азаматтардың ұсыныс-пікірін тыңдады.

 - Көктоғай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуге келе жатып, ауыл ортасындағы бос жерді байқадым. Ол жерге қоқыс жинала бастапты. Ардақты ағайын ауылымызды таза ұстап, көркейткеніміз абзал. Аудан әкімі сол алаңды тазалап, орнына балалар ойын алаңын салуды ұсынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев балалардың болашағы үшін жағдай жасауды әрдайым баса айтып, нақты тапсырмалар берді. Сондықтан ел болашағы балалар үшін ештеңеден аянып қалмаймыз. Мен бұл бастаманы қолдаймын. Тиісті тапсырма бердім. Құрылыс барысында ауыл тұрғындары тарапынан қоғамдық бақылауды күшейтсеңіздер. Себебі ел игілігі үшін бөлінген бюджеттің әр тиыны мақсатты жұмсалуы тиіс, -деді Серік Шәпкенов.

 Жиында тұрғындар баспанамен қамту, субсидия алу, электр жарығы, жайылымдық жерлер, балабақша салу сынды мәселелерді көтерді. Серік Шәпкенов көктоғайлықтар көтерген мәселелер маңыздылығына қарай заң аясында шешілетінін айтты. Сонымен қатар облыс әкімі азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Көктоғай ауылдық округінде 2 454 тұрғын бар. Мұнда 1 емхана, 1 мектеп, 1 полиция бөлімшесі жұмыс жасайды.

 Айта кетейік, облыс әкімінің тұрғындармен кездесуі Индер ауданы әкімдігінің «Facebook» желісіндегі ресми парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.