Атырау қаласының №2 сотында қаңтар оқиғасында полиция қызметкеріне қол жұмсаған азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Айыпталушы 2022 жылдың 5 қаңтарында Атырау облысы әкімдігі ғимаратының алдында ұйымдастырылған жаппай тәртіпсіздікке қатыcып, полиция қызметкеріне күш қолданып жатқан адамдар тобын көріп, жәбірленушіге жұдырық жұмсаған. Алайда оның бір рет қана соққы жасағаны, ол полицейдің денсаулығына қауіпті болмағаны белгілі болған.
Сот талқылауы барысында сотталушының қылмыстық әрекетінің саралануы өзгертіліп, күш қолдану арқылы жаппай тәртіпсіздікке қатысу билік өкіліне қатысты өмiрiне немесе денсаулығына қауiптi емес күш қолдану бойынша жаңа айыптау актісі жасақталып, осыған байланысты басты сот талқылауы жаңа айып бойынша жалғастырылды.
Сотталушы өзінің кінәсін мойындап, іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді дауламайтынын көрсетіп, кінәні мойындау туралы процестік келісімді жасауды сұрады.
Сот тергеуі барысында прокурордың, сотталушы, оның қорғаушысының қатысуымен және жәбірленушінің келісімімен кінәні мойындау туралы процестік келісім жасақталған.
«Сот үкімімен Д.Е.-ге Қылмыстық Кодекстің 380-бабының 1-бөлігі бойынша 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы, 272-бабының 2-бөлігі бойынша 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда, 2022 жылғы 02 қарашадағы Рақымшылық жасау туралы Заңы негізінде Д.Е. кодекстің 380-бабы 1-бөлігімен тағайындалған бас бостандығын шектеу түріндегі жазадан босатылып, 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы 3/4 бөлігіне, яғни 1 жылға дейін қысқартылып, ҚК-тің 63-бабының негізінде 1 жыл мерзімге шартты жаза тағайындалды» делінген облыстық соттың ресми хабарламасында.