«Қала жолын қадағалау қажет». Атырау қаласының әкіміне депутат сауал жолдады

Атырау облыстық мәслихатының депутаты Қадырбек Мағзомов жол мәселесі жөнінде қала әкіміне депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ATPress.kz.

Депутат Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезекті ХIV сессиясында сөз алды.
-    Елді мекендерде жүргізіліп жатқан автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстарына қатысты қала әкімі Мейірім Қалауиге жолданады.   Қаладағы жол жөндеу жұмыстары қоғам тарапынан, әлеуметтік желіде жиі сынға ұшырауда. Өйткені, жол салу технологиялары өрескел бұзылуда. Асфальт жабындысын қолмен сыпырып алу, қар мен судың үстіне асфальт төсеу, жаңа төселген ыстық асфальтты жаяу адам аяқпен тығыздау сияқты күлкілі бейнероликтер түсіріліп тарап жатыр. Бұл жерде сапа туралы сөз қозғаудыңөзі артық. Қалаішілік жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жол жабындысын кесіп, сол жерді жеті, он күн мерзімге қалдырады. Бұл - өте өрескел дүние, - дейді депутат.
Жаңбыр жауса, қар ерісе, шұрық-тесікке толған су,  күн ысыса асфальт еріп, көліктердің салмағымен езіліп, ой-шұңқырға айналған жолды сынға алған Қадырбек Мағзомов жөндеу жұмыстарының сапасына өте төмен деген баға берді.
«Жол жөндеуші мердігер мекемелердің қызметтерін қатаң бақылауға алу қажет. Қоғамдық қабылдауыма келген бір топ тұрғын Атырау – Зарослый – Дамбы тасжолдары бітпейтін құрылысқа айналғанына арыз айтып, шағымданды. Тапсырыс берушінің тарапынан қадағалаудың болмауынан және мердігер мекемелердің жауапсыздығынан тұрғындар зардап шегуде. Сондықтан, жол жөндеушілерің жөндеу жұмыстарының сапасы мен олардың мерзімдерін қоғам тарапынан қатаң  қадағалайтын кез келді» деді халық қалаулысы.
Одан әрі депутат мердігер мекемелердің қызметін қадағалау үшін құрамына тапсырыс беруші мемлекеттік органның қызметкерлері, қоғам өкілдері, жергілікті депутаттар мен белсенді тұрғындарды тарта отырып жұмыс тобын құруды ұсынды. «Тапсырыс беруші мемлекеттік орган халық қазынасының қаржысын пайдаланушы ретінде осы жұмыстарды ұйымдастыру қажет деп есептеймін. Қала әкімі Мейірім Қалауиге Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңның 6, 21-1 баптарына сәйкес осы депутаттық сауалымды жолдай отырып, оның орындалуын заңнамада белгіленген мерзімде облыстық мәслихатқа хабарлануын, осы депутаттық сауалымды сесия күн тәртібіне енгізуді және тиісті мемлекеттік органдарға жолдау туралы мәселені дауысқа салуды сұраймын» деді облыстық мәслихат депутаты Қадырбек Мағзомов.

Айта кетейік, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті ХIV сессиясы өтті. Облыстық мәслихат хатшысы Әлібек Нәутиевтің төрағалығымен өткен сессия отырысына облыс әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы мен басқарма басшылары, облыстық мәслихат депутаттары қатысты.