Қадір түні: Атырауда орталық мешіттегі ауқымды шаралар тікелей эфирде көрсетіледі

Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешіті бүгін «Атырау» телеарнасы арқылы тікелей эфирге шығады. Тікелей эфир жергілікті уақытпен кешкі сағат 21.07 – 22.07 аралығында жалғасады.

Тікелей эфир барысында Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы жұртшылықты құттықтайды. Одан әрі ұстаздардан, мешіт жамағатынан сұхбаттар алынады. Уағыз-насихат жүргізіледі.

«Мешіттің ішінде уағыз-насихат айтылады. Сонымен бірге, балалар үшін ойын алаңы жасақталуда. Қазіргі таңда мешіт ауласында  батуттар тігіліп жатыр. Қадір түні құрметіне балаларға балмұздақтар таратылады.

Бүгінгі кеште Құран жарысының жеңімпаздары марапатталады. Және «Кітап оқып, мақсатыңа жет» сайысының жеңімпаздарына сыйлықтар табысталады. Тарауық намаздарына қатысып, жастарды жақсылыққа жұмылдырып жүрген үлкендерімізге сыйлықтар беріледі.  

Сонымен бірге, Тарауық намазы оқылып, Хатым Құран түсіріледі. Хатым дұғасы жасалады. «Амин.кз» медиастудиясында ұстаздар тікелей эфирде сұрақтарға жауап беріп, уағыз-насихат айтады.

Құлшылық таңғы  сағат 3-ке дейін жалғасады.  Сағат үштен бастап, 1000 адамға сәресі беріледі» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.