"Пара алушы да, беруші де үйінде жатыр". Б.Хаменованың бауыры желіде пікір қалдырды

Бақытгүл Хаменованың сотынан кейін тараған әртүрлі ақпаратқа қатысты айыпталушының жеке парақшасында жазба тарады, деп хабарлайды ATPress.kz.

Жазбада журналистердің ішінде сот процесі туралы  халыққа нақты жеткізе алғандар мен аяғы тайып сүрініп кеткенін де сөз қылғандардың болғанын атап өтіпті.

"Желіде “сотталсын!” деп жатқандар да жетерлік. Пікірлерге  көзің түсіп кетсе, жағаңды ұстайтындай жағдай.    Ақ жаулықты ана жасындағы апалар, ер деп сенім артар азаматтар да ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, қарғап-сілеп, табалаудан аянып қалмаған екен…" дейді ашынған автор.

Жазбада пост  авторы бір гәптің шетін шығарғандай. Тіпті, пара алушы мен берушінің үйлерінде жатқанын астарламай-ақ, ашық айтыпты. Сөзбе-сөз келтірейік:

 "Пара алушы да, параны беруші де  бостандықта үйінде жатқанда, 8 ай бойы СИЗО-да сотты күтіп жатқан Б.Хаменованың “Әділдік жеңеді!” деген бір ауыз сөзін сан-саққа жүгіртіп, болжам жатқан да өз қазағымыз.   Түсінбейтініміз - бұл істе ТҮК КІНӘСІ жоқ Б.Хаменова неге өзіне сенімді болмауы керек, неге әділдікке сенбеуі керек?!  Сырттан тон пішіп, ғайбаттың есігін ашпайық, ағайын! Одан да істің ақ-қарасына, ақиқатқа  көз жеткізгілеріңіз келсе, 11 тамызда  ашық сотқа келіңіз".

 Еске салайық, облыс әкімінің орынбасары Б.Хаменованың соты 11 тамызда өтеді. Алғашқы сот отырысында айыпталушының айыптау актісімен таныспағаны белгілі болды. Сол себепті кейінге шегерілген болатын.