Өткен жылы өңірімізде қанша мемқызмет көрсетілді?

2021 жылы Атырау облысында 3 миллион 800 мыңнан аса мемқызмет көрсетілді. Бұл туралы мемлекеттік қызмет көрсету мәселелерін үйлестіру бөлімінің басшысы Тұраргүл Ізбасова мәлімдеді.

«2021 жылдың қорытындысымен барлығы 3 804 723 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Соның ішінде, мемлекеттік орган арқылы қағаз түрінде 59339  қызмет болса, «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы 55373 қызмет көрсетілген. «Электрондық үкімет» веб-порталы және мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі арқылы электронды түрде 3 690 011 қызмет көрсетілді. Электронды түрде көрсетілген қызметтер жалпы көрсетілген қызметтердің 97 пайызын құрап, аталған көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 0,4 пайызға артты»,-деді Т.Ізбасова.

Бөлім басшысының сөзінше, өткен жылы 39 бұзушылық фактісі тіркелген.  

«Талдау кезінде анықталғандай, құжаттар тиісті ақпараттық жүйелерде мерзімінде өңделмей, логин мен құпия сөзді уақытылы алмау, электрондық цифрлық қолтаңбаны дер кезінде ауыстырмау, жауапты мамандардың біліктілігі арттырылмау салдарынан орын алған. Сондай-ақ, электронды түрде түскен құжатты мерзімінде қарамау, мемлекеттік органдар мамандарының құжатқа немқұрайлы қарау салдары да себеп болып отыр»,-деді ол. 

Сонымен қатар, жиында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Атырау облысы бойынша филиал директорының орынбасары Қайрат Меңлібеков баяндама жасап, халыққа қызмет көрсету орталығының қазіргі жай-күйін баяндады. 

Жиын соңында облыс әкімі аппаратының басшысы Болат Исақов жұмысты жандандыруға пәрмен берді.

«Мемлекеттік органдардың қызметінің тиімділігіне жыл сайын бағалау жүргізіледі. Негізгі мақсат – қызмет сапасын жақсарту мен нәтижелігін арттыру болып табылады және бағалау бағыттарының бірі – мемлекеттік қызмет көрсету сапасы. Мемлекеттік қызметтер көрсету процесін үнемі жетілдіру басты міндетіміз»,-деді ол.  

Б.Исақов сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік органдар мен қызмет алушының арасында тікелей байланысты болдырмау үшін электронды қызмет көрсету сапасын арттыру барлық мемлекеттік органдардың негізгі міндеті екенін баса айтты. 

«Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы қызметшілердің жұмысы тиімділігінің басты көрсеткіші болады және ол мемлекеттік тұтынушы ретінде тікелей халыққа арналуы тиіс. Сондықтан, аталған мәселеге аса көңіл бөліп, құжаттардың сапалы және уақтылы орындалуын қамтамасыз ету қажет»,-деген аппарат басшысы, жауапты тұлғалараға бірқатар тапсырма берді.