Отбасылық зорлық-зомбылықтың көбі ішімдік пен қызғаныштан туындап отыр

Атырауда тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету дерегі 6,1%-ға азайды Бұл туралы облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Райса Айтжанова мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі. Биыл «Отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттері» бойынша құқық бұзушылық жасаушылар 100 адамға азайған.
"Жыл басынан бері 1852 тұлғаға қорғау нұсқамалары шығарылды. Атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, тәртіп бұзатындар да кездеседі. Әкімшілік кодекстің 461-бабымен 125 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімдерімен әкімшілік қамаққа алынады. Отбасылық зорлық-зомбылықтың орын алуына отбасы мүшесінің ішімдікті шамадан тыс пайдалануы, қызғаныш сынды орынсыз жанжалдар себеп болып отыр" деді Р.Айтжанова.
Қылмыстарды алдын алу мақсатында тәртіп бұзған тұлғалар уақытша оқшаулау және детоксикациялау орталығына жеткізіледі. Ал зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйел адамдар дағдарыс орталығына орналасып, арнайы мамандардың көмегіне жүгіне алады.
Биыл облыс көлемінде «Тұрмыс», «Құқықтық тәртіп», «Есеп», және т.б. жедел-профилактикалық іс-шаралары ұйымдастырылды. Сондай-ақ қылмысты болдырмау мақсатында учаскелік полиция инспекторларымен есепте тұрған отбасылық жанжалқорлар, маскүнемдер және бұрын хабарлама берген азаматтардың мекен-жайлары бойынша үнемі тексеріс жұмыстары өткізіледі.