Осы жылы облыста тұмау аурушаңдылығы тіркелген жоқ

Бұл туралы Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің инфекциялық және паразитарлық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлдана Бисенбайдың айтуынша, күн суытқан уақытта респираторлық вирустармен, әсіресе тұмаумен ауырудың өсімі ұлғаяды. Алайда осы жылы өңірде аурушаңдық тіркелмеген.


- Өткен жылы Атырау облысында тұмау аурушаңдылығының 7 жағдайы тіркелсе, биыл ауру мүлдем тіркелмеді. Тұмау ауруының алдын алу үшін қазан айынан бастап вакцина салып бастаймыз. Осы жылы аурудың жаңа эпидемиялық маусымына ресейлік өндірістің «ГРИППОЛ+» вакцинасының 65000 дозасы сатып алынды. Вакцина тегін және ақылы түрде жүзеге асады. Вирустан сақтану вакцинасын ең алдымен медицина қызметкерлеріне, жүктіліктің соңғы кезеңіндегі жандарға, сондай-ақ қарттар үйіндегілер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарға екпе тегін салынады. Қазаннан бастап тегін екпемен 10 мыңнан астам қамтылды, - деді Г.Бисенбай.


Эпидемиологиялық дәрігердің айтуынша, вакцинациялаудан кейін қолайсыз реакциялар тіркелмеген. Сондай-ақ маман тыныс алу органдары ауруларының алғашқы белгілері пайда болған кезде өз бетінше емделуге болмайтынын айтып, дереу дәрігерге жүгінуге кеңес берді.