ОСК өкілдері Мақат ауданындағы сайлауға дайындық барысын тексерді

Орталық сайлау комиссиясы мүшелері Мақат ауданындағы сайлау учаскелерінің дайындығын тексерді.

Мақат. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманқұмов пен Комиссия аппаратының бас консультанты Жанатқали Жакеев жұмыс сапарымен Мақат ауданына келді, деп хабарлайды AtyrauPress.

Іс-сапар барысында делегация Мақат аудандық мәслихат депутатын сайлау бойынша №9 бірмандатты округ пен №213 учаскелік сайлау комиссияларының жұмысымен танысты. Тексеру кезінде 2025 жылғы 26 қазанда өтетін сайлауға дайындық барысы пысықталды. Бұл сайлау - шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына өткізіліп отырған науқанның бірі.

Кездесу барысында сайлауды ұйымдастыру мен өткізу тәртібі, сондай-ақ жергілікті комиссия мүшелерінің дайындығы кеңінен қарастырылды. Тараптар сайлау заңнамасының сақталуы, үгіт-насихат кезеңін өткізу тәртібі және дауыс беру үдерісінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету тетіктерін талқылады.
«Жалпы еліміз бойынша сайлау өтетін 71 округ бар. Соның ішінде Атырау облысында Жылыой, Мақат және Индер аудандарында сайлау округтері құрылған. Бүгінгі іс-сапар барысында сайлау комиссияларының дайындық деңгейі мен жауапкершілікпен қарауын байқадық. Комиссия мүшелері сайлау заңнамасының талаптарына сай жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл сайлаудың әділ, ашық әрі заң талаптарына сәйкес өтуіне негіз болады деп сенеміз», - деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманқұмов.
Айта кетейік, бұл іс-сапар - еліміздегі сайлау процестерінің заңдылығын, ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстардың бір бөлігі болып табылады.