Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша ХІІІ республикалық жазғы чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы мәлім етті. Самал ықшамауданында №13 мамандырылған өрт сөндіру бөлімінде чемпионаттың ашылу салтанаты өтті. Оған республиканың түкпір-түкпірінен жиналған 130-дан астам адамнан құралған 16 команда өз шеберліктерін көрсетіп, чемпион атағына таласып жатыр.
Шара шымылдығы облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев ашты. Атырау облысы ТЖД бастығының міндетін уақытша атқарушы полковник Аскат Ержанов, «Қазақстандық өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың спорттық федерациясы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дәурен Данаев және азаматтық қорғау органдарының ардагері Омар Бержанов чемпионатқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Шара қатысушылары «Оқу мұнарасының 2,3-ші қабатына шабуыл сатысымен көтерілу» кезеңінің финалдық жарысын тамашалады. Шара соңында республикалық чемпионаттың «Кедергілері бар 100 метрлік жолақпен жүгіріп өту», «Оқу мұнарасының 2,3-ші қабатына шабуыл сатысымен көтерілу» кезеңдерінің жеңімпаздары марапатталды. Осындай дәрежедегі жарыстар өрт сөндіру-құтқарушылардың мамандығын насихаттауды, кәсіби және спорттық шеберлігін арттыруды көздейді.