Бұл туралы Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Зульфия Қайреденова мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атырау облысы бойынша осы жылдың 8 айында туберкулезбен жаңадан ауырған 271 науқас тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,8%-ға азайған. Ал балалардың туберкулезбен аурушаңдығы 7 жағдайға көбейіп, жасөспірімдер арасында жаңадан 21 науқас тіркелген.
- Туберкулезді анықтаудың ең сенімді, әрі тиімді тәсілі – туберкулез таяқшаларын қақырықты микроскопиялық тексеру арқылы анықтау. Ал манту сынамасы балаларда туберкулез таяқшаларымен зақымдалуды дер кезінде анықтау үшін қолданылады. Бұл екпе емес, қауіпсіз диагностикалық тест, деді З.Қайреденова.
Мамандардың мәліметінше, туберкулез ауруы басталғанда жөтел, әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, кеуде тұстың ауруы, тәбеттің, салмақтың, жұмысқа деген қабілеттің төмендеуі байқалады. Одан әрі бұл белгілердің бәрі үдей түссе, науқас қан түкіруі мүмкін.
Айта кетейік, жөтел – туберкулезге тән ең алғашқы белгілердің бірі. Егер жөтел науқаста екі аптадан артыққа созылса, міндетті түрде дәрігерге қаралып, туберкулез ауруына тексерілген жөн.