Қазақ қыздары арасынан алғаш рет әлем чемпионатының жүлдегері атанған атыраулық дзюдошы Абиба Абужақынова келер жылғы жоспарымен бөлісті.
2022 жыл Абиба үшін сәтті болды. Мұнайлы өлкенің абыройын асқақтатқан ауруымыздың биылғы басты жеңісі – әлем чемпионатының қола жүлдесі. Жыл тоғысында AtyrauPress тілшісіне берген сұхбатында атыраулық спортшы алдағы жоспарымен бөлісті.
«Биылғы жетістігім Орал қаласында өткен ел біріншілігіндегі жеңіспен басталды. Моңғолия елінде өткен Гранд-слэм жарысында қолаға қол жеткіздім. Азия чемпионатының күміс, әлем чемпионатының қола медалін қанжығаладым. Израильдің Иерусалим қаласында өткен жылдың қорытынды жарысы әлемдік Masters рейтингтік турнирінен кемінде үштікке ілігуді көздегенбіз. Алайда бұл жарысты бесінші орынмен тамамдадау бұйырды» дейді дзюдошы.
Абибаның жаңа жылдағы арман тілегі - әлем чемпионы атану.
«Келер жылдан күтеріміз Азия, әлем чемпионаттарында жеңіс тұғырынан көрініп, олимпиада ойындарына бір қадам жақындау. Оған жету үшін, әрине, ең алдымен еңбектену керек. Мақсатқа жету жолында тер төгіп жатырмыз. Бәрі оңынан болғай» дейді ол.
Айта кетейік, Абиба Абужақынова 48 келі салмақта рейтинг бойынша 8-орында тұр. Бұл атыраулық арудың Париж Олимпиадасына жолдама алуына жеткілікті. Тек ол үшін жыл бойы осы деңгейін сақтап тұруы қажет.
Еске салайық, жыл қорытындысы бойынша Абиба Абужақынова Атырау облысының «Жыл спортшысы - 2022» атанды.