01 Қыркүйек, 2022 395

Облыстық Дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның оқушыларына алғашқы қоңырау соғылды

 Облыстық Дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның оқушыларына алғашқы қоңырау соғылды

Республикаға танымал 100 мектептің қатарында бой түзеген білім мен тәрбие бесігінде мерекелік шара өтті, деп хабарлайды ATPress.kz.

Облыстық Дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның директоры Нұрлыбек Даумовтың айтуынша, өткен оқу жылын оқушылар сәтті аяқтады.

«1990 жылы республика көлемінде тұңғыш болып ашылған Атырау облыстық  дарынды балаларға арналған ұлттық гимназиясы 314 оқушы білім алып жатыр. Бүгінде оларға 40 мұғалім дәріс береді. Биылғы жаңа оқу жылында 7 сыныпқа 54 оқушы қабылданды. Ал өткен жылы гимназияны 48 оқушы бітіріп, оның 71% і грант иегері атанды. Ал төртеуі шетелде оқып жатыр», деді Н.Даумов.

Алғашқы қоңырау шарасында бірқатар оқушылар арнайы марапатқа ие болды. 8-11-сынып оқушылары  арасында өткен республикалық «Абай оқуларының» облыстық кезеңінде жүлделі 2-орын алған 11-сынып оқушысы Орынғали Бекарыс және 10-сынып оқушысы Какимова Жансая  марапатталды.

Сондай-ақ, облыстық «Абай оқуларында» жүлделі 1-орынға ие болып, республикалық Абай оқуларында да бірінші орынды жеңіп алған 11-сынып оқушысы Қаби Айдана Оқу ағарту министрінің алтын жүлдесіне ие болды.  

Сонымен бірге Абай оқуларының жеңімпазын дайындағаны үшін «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының мұғалімі Жайнагүл Сдихова Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.

Мерекелік шара соңында мектеп оқушылары ұстаздар қауымы мен ата-аналарға арнайы концерттік бағдарламасын ұсынды.