Облыстық перзентхананың жөндеуден соң қашан ашылатыны белгілі болды

Облыстық перинаталдық орталық ғимаратын күрделі жөндеуді осы жылдың тамыз айында аяқтау жоспарланып отыр. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 966 млн 579 мың теңге бөлінді, деп хабарлайды AtyrauPress.
"Бүгінде күрделі жөндеудің көп бөлігі жасалды. Мердігер компания осы жылдың шілде-тамыз айларында нысанды тапсырады деп күтілуде. Қазір әлеуметтік желілерде ғимараттың қасбеті туралы көптеген сындар бар, бірақ бұл жерде жұмыс әлі жүріп жатқанын ескерген жөн. Ғимараттың кіре беріс тұстағы қасбетінде ашық түстердің басым болуы үшін әлі де жұмыстар жалғасады", - деп хабарлады облыстық перинаталдық орталықтың баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың соңында перзентхана "Черная речкада" ашылған инфекциялық модульдік аурухана ғимаратына көшірілді. Ол емдеу мекемесі 2020 жылы коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастар үшін салынған еді.
Айта кету керек, ғимарат жабылғаннан бастап перзентхананың ішіндегі оңалту бөлімі жұмысын әдеттегідей жалғастырды.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА