Биыл облыс бойынша аз қамтылған 1047 отбасыға 444 млн 800 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Оның ішінде 5997 адам арнайы көмекпен қамтамасыз етілді. Бұл туралы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Оның айтуынша, 836 отбасындағы 5013 адамға шартты, ал қалған 258 отбасындағы 1226 адамға шартсыз ақшалай көмек көрсетілген.
- Іс-шаралар бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылардың санаттарына талдаулар жасалды. Оның ішінде 18 жасқа дейінгі балалар 66,4%, жұмыссыздар 3,1%, көмекке жүгіну кезінде жұмысы барлар 12,6%, тәуелсіз қызметкерлер 0,5%, зейнеткерлер 0,6%, барлық топтағы мүгедектер 0,6%, студенттер 4,5%-ды және бала күтімімен отырғандар 10,6%, басқалары 1,1% құрады. Олардың ішіндегі еңбекке қабілетті, жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелгендер тұрақты жұмысқа, қоғамдық жұмысқа, әлеуметтік жұмысқа, кәсіби біліктілігін арттыруға, жастар практикасына және кәсіпкерлік негіздеріне оқуға мүмкіндік алды, - деді А.Мәмбетов.
Сонымен қатар арнаулы әлеуметтік көмек алатын 885 отбасындағы 1 жастан 6 жас аралығындағы 1697 балаға 52 млн 800 мың теңге қосымша төлем тағайындалған.