Атырау облысының медицина саласында ілгерілеу бар

Басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда дәрігерден көмек сұрайтынымыз хақ. Күндердің бір күнінде он екі мүшеміздің бірі сыр беріп, ақ халаттылар «сапалы қызмет көрсетсе, дұрыс емдесе» деген ойдың кез келген адамды мазалайтыны рас. Бұл дүниеде адамның өмірінен, соның ішінде оның денсаулығынан асқан құндылық жоқ. Олай болса, мұнайлы өңірдің денсаулық саласында қандай оңды өзгерістер болды? Биылғы жетістіктерге тоқталып, сараптап көрелік.  

Маман тапшылығын шешу мақсатында грант саны 3 есе артты

Атырау облысында биыл денсаулық сақтау саласында көзге көрінер бірқатар жұмыстар істелінді. Соның ішінде өңірге дәрігерлерді тарту бойынша ауыз толтырып айтарлықтай тірлік жасалып жатыр. Оны неге сүйеніп айтып отырмыз? Ендеше, дәлелдейік және тарқатып жазайық.

Мұнайлы өңірде  кадр тапшылығын азайту мақсатында 2023 жылғы 5 мамырда «Атырау облысына медицина қызметкерлерін тарту жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» бекітілді. Соның аясында істелінген жұмыстардың нәтижесінде грант саны 3 есе артты. Мәселен, Атырау облыстық мәслихатының шешімі бойынша 2017 жылдан бастап жалпы 503 грант бөлінді. Оның 341-і бакалавр мектеп бітіруші түлектерге болса, 162-сі резиденттерге арналған. 2017 жылы - 35 бакалавр, 2018 жылы - 54 бакалавр, 2019 жылы - 104 (56 бакалавр, 48 резидент), 2020 жылы - 71 (26 бакалавр, 45 резидент), 2021 жылы - 71 грант (52 бакалавр, 19 резидент), 2022 жылы - 62 грант (50 бакалавр, 12 резидентура), 2023 жылы - 106 (63 бакалавр, 4 стоматолог, 39 резидентура) грант бөлінген.

Сонымен, 2017 жылы әкім грантымен оқуға түскен түлектер жоғары оқу орнын келесі жылы тәмамдап,  Атырау облысына келіп, қызметке кіріседі. Өңірге аса қажетті мамандықтар бойынша білім алып жатқан жастар оқуын аяқтаған соң, тиісті талапқа сәйкес жергілікті жерде қызмет атқаруға міндетті. Облыс әкімі грантының  көздеген мақсаты да осы.

Өңірге 103 маман келді

Биыл наурыз айының соңында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Атырау облысының тұрғындарымен кездесіп, халық алдында өз саласы бойынша есеп берген кезде  республика бойынша денсаулық сақтау саласына 7 мыңнан астам маман қажет деген еді. Соның ішінде Атырау облысына 183 дәрігер, 101 орта медициналық қызметкерге деген сұраныс барын алға тартты. Атап айтқанда, анестезиолог-реаниматолог, жалпы практика дәрігері, акушер-гинеколог, пульмонолог және инфекционист дәрігерлердің қажеттілігі жоғары.

Облыста маман тапшылығын шешу бағытында тындырымды тірліктер жүзеге асты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиевтің айтуынша, өңірімізге келген дәрігерлердің саны былтырға қарағанда 42%-ға өсті. Мәселен, былтыр 60 маман келсе, ал биыл 103 маман жергілікті халыққа медициналық көмек көрсетуге кіріскен. Соның өзінде дәл қазіргі уақытта мұнайлы өңірге 165 маман қажет екен.

Айжан Көкбаеваның Алматы қаласынан Атырауға көшіп келгеніне 4 ай болды. Қазір ол облыстық онкологиялық диспансеріндегі  анестезиология және реаниматология бөлімінде дәрігер болып жұмыс істейді. Мұнайлы астанада маман тапшы дегенді естіген ол әбден ойланып, тоқетер шешім қабылдады.

«Мен Атырауда маман тапшылығы барын бос жұмыс орындары жәрмеңкесінен білдім. Сонда облыстық онкологиялық диспансерінің бас дәрігері Эльмира Ғарифоллақызы мені Атырауға шақырды. Көп ойландым. Соңында келуге бел будым. Әрине, туған жерімнен кету оңайға соққан жоқ. Мен бұрын-соңды Атырауда болмағанмын.  Қалай болар екен деп уайымдағанымды жасырмаймын. Бірақ ұжым мені өте жақсы қарсы алды. Бірден сіңісіп кеттім. Арамызда жастар көп. Белсенді. Білімді. Мәдениетті. Менің алғашқы мамандығым – медбике. 16 жыл бойы жедел жәрдемде жұмыс істедім. Жоғары оқу орнына түсіп, резидентураны бітірген соң Алматыда жұмыс табу қиын болды. Қазір 1 бөлмелі қызметтік пәтерде тұрамын. Әрине, баспана мәселесі басқа қаладан келген мамандар үшін өте маңызды. Алаңдамай, жұмыс істеуге мүмкіндік береді.  Енді  5 жыл Атырауда жұмыс істеуге міндеттімін. Ал егер медицина қызметкерлеріне арналған төмен пайызбен ипотекаға пәтер алсам, осында түбегейлі қаламын деген ниетім бар», - дейді  анестезиолог-реаниматолог А. Көкбаева.

        Бір реттік берілетін үстемақы көлемі 5 млн-ға дейін артты

Облыста маман тапшылығын шешу мақсатында бір реттік берілетін үстемақы көлемі ұлғайтылды. Қаладағы медициналық ұйымдарға келетін мамандарға 3 млн теңге, ал ауылдық медициналық ұйымдарға баратын мамандарға 1 млн теңгеден 5 млн теңгеге өсіп отыр.  Қазір бір реттік берілетін үстемақыны алуға 95 маман құжат тапсырып, комиссия қарап жатыр. Оның ішінде 60 маман қалада, ал 35-сі ауылда жұмыс істейді.

 Баспана алу үшін жеңілдетілген несие беріледі

Атырауға медицина мамандарын көптеп тартып, оларды тұрақтандырудың да жолдары қарастырылуда. Оның бірден бір жолы – баспанамен қамту. Осы ретте  2023 жылдан бастап келген бейінді дәрігерлерге «Отбасы банкі» АҚ арқылы 5%-бен жеңілдетілген несие беру бағдарламасы желтоқсан айынан бастап іске қосылды. Бұл – елімізде алғаш болып Атырау облысында жүзеге асқалы отыр. Дәрігерлерді жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасын Атырау облысының әкімдігі Отбасы банкімен бірлесіп қолға алып отыр. Екі тарап ынтымақтастық туралы келісімге қол қойып, медицина қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін құжаттар қабылдау басталып кетті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы медицина қызметкерлері үшін жеңілдетілген несие беру мемлекеттік бағдарламасы аясында өтініштер 19 желтоқсаннан бастап  бір ай бойы қабылданады.

Жаңа бағдарлама бойынша тұрғын үйді хирург, анестезиолог, реаниматолог, инфекционист, травматолог, невропатолог және басқа да медицина қызметкерлері ала алады. Бастысы - олардың барлығы клиникалық тәжірибемен айналысатын, сондай-ақ 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысқа орналасқан болуы тиіс. Бағдарламаға қатысушылардың барлығы мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының негізгі қызметкерлері болуы міндетті. Несиенің ең жоғары сомасы – 25 млн теңге. Қатысушылар тізімін Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы құрайды. Ең көп ұпай жинағандар жеңілдетілген несиені алуға үміткерлер пулына қосылады. Ұпайлар санына ғылыми дәрежесі мен жұмыс тәжірибесінің болуы және мамандығы әсер ететін болады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Абдалиев акушерия, гинекология, анестезиология, реаниматология, травматология, ортопедия сияқты сала мамандарына жоғары ұпай берілетінін және ұпай саны тең болған жағдайда, еңбек өтілі көп қызметкерге басымдық берілетінін атап өтті.

"Өздеріңізге белгілі облыста кадр тапшылығы, медицина мамандарының жетіспеушілігі - өзекті мәселе болып отыр. Осы кадр тапшылығын жою мақсатында бірнеше жобалар іске асырылып, жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімі Серік Шәпкеновтың бастамасымен осы жылдың басында өңірге арнайы келіп қызмет ететін медицина қызметкерлерінің пәтер мәселесін шешу бойынша тапсырма берілді. Соған байланысты облыс дәрігерлері үшін бастапқы жарнасыз тұрғын үй бағдарламасы бойынша 30 қараша күні келісімге қол қойылған болатын. Бұл медицина саласы мамандары үшін қуанышты жаңалықтардың бірі болды. Айта кететін жайт, бұл бағдарлама республика бойынша ең бірінші рет осы Атырау облысында іске асырылғалы отыр", - деді Қ.Абдалиев.

Өңірде маман тапшылығын шешудің тағы бір жолы қарастырылған: 2021 жылғы желтоқсан айында Атырау қаласында М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің филиалы ашылды. Қазір онда 31 дәрігер-резидент білім алып жатыр.

   Атыраулықтар неге өзге қалаларда ем алады?

Кез келген науқас өзіне сапалы медициналық қызметтің көрсетілгенін қалайды. Солай болуы да тиіс. Қала берді өзіне қажетті ем-домды ат арылтып алысқа бармай-ақ, тұрғылықты жерде алғанды жөн көреді. Былтыр атыраулық 8 мыңнан астам пациент өзге өңірлерде ем алған екен. Оның 6 мыңға жуығы  жоспарлы түрде емделген.

Биыл жыл басында облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен денсаулық сақтау басқармасының алқа отырысында 2022 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы баяндалып еді. Онда мынадай қызықты деректер айтылды: Атырау облысында 144 медициналық қызметтің тек 30 түрі ғана көрсетіледі. Бұл бойынша 506 операция жасалған. Алайда дәл осы операция түрлері бойынша Астана, Алматы, Ақтөбе және өзге облыстарда 407 пациентке операция жасалды. Сондықтан Атырау облысы бойынша 2023 жылдың екінші жартыжылдығында 5 бейін бойынша жаңа ота түрлерін енгізу жоспарланған. Яғни,  отоларингология, урология, нейрохирургия, эндоскопиялық және онкологиялық бейін бойынша жергілікті дәрігерлердің өздері-ақ ота жасамақ.  

Алқа отырысында облыс басшысы Серік Шәпкенов дәрігерлерге деген сенімді арттырып, біліктілікті жоғарылату жөнінде тапсырма берген еді. Сол кезде облыс әкімі қажетті құрал-жабдықтардың жеткілікті екенін тілге тиек етті.

"Ендеше осы операцияларды Атырауда жасауға не кедергі? Аудан тұрғындарымен кездескенде де, жеке қабылдауыма келген тұрғындардың да сауалының басым көпшілігі - денсаулық сақтау саласына қатысты. Емдеу мекемелеріне тиімді жұмыс істеу үшін барлық құрал-жабдықтар алынды. Соны ел игілігіне жұмсап, халықтың үніне құлақ асып, жанашырлықпен жұмыс істеу керек. Тұрғындарға медициналық көмек қолжетімді болуы қажет", - деді С.Шәпкенов.

Мәселен, облысымыз қажетті медициналық құрал-жабдықпен қамтуда республика деңгейінен 9%-ға жоғары екен. Айта кетейік, Атырау облысында медициналық жабдықтармен жарақтандыру деңгейі - 91,7%.  Бұл былтырмен салыстырғанда шамалас деңгейде. Мәселен өткен жылдың  8 айында - 91,18% болған. Биыл медициналық құрал-жабдық сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 4,7 млрд теңге қаралған.  Жыл бойы 40 медициналық жедел жәрдем көліктері сатып алынды. Сондай-ақ, демеушілік негізде  «Теңізшевройл» ЖШС Жылыой аудандық ауруханасына 6 жедел жәрдем көлігін әперді.

Жуырда ғана Атырауда алғаш рет урологиялық күрделі отаның бірі жасалды. ҚР Президент істері басқармасы медициналық орталығы ауруханасының урология бөлімінің басшысы Бахтияр Қасымов облыстық аурухана базасында жергілікті дәрігерлерге ота жасауды үйретті. Ақ халаттылар «Зәр шығару жолының тарылу» диагнозы бойынша облыстық аурухана базасында алғаш рет екі науқасқа ота жасады. Алдағы уақытта атыраулық уролог дәрігерлер осы отаны облыстық аурухана базасында тұрақты түрде жасамақ. Бұл бір ғана мысал. Осы секілді басқа да күрделі оталарды жасауға жергілікті дәрігерлер машықтанды.

       400-ден астам маман біліктілігін арттырды

ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығымен Атырау облысы медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында 29 тақырып бойынша келісім шарт жасалыпты. Соның негізінде  432 маманға Президент іс басқармасы медициналық орталығының дәрігерлері шеберлік сабақтарын өткізді. Оның 371-і  Атыраудағы ауруханаларда өтсе, ал 61 дәрігер орталық базасына барып, біліктілігін арттырды. Кадрлардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау жұмыстарына 551 млн теңге бөлінген.  

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында биыл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын  іске асыру басталды. Денсаулық сақтау министрлігі әкімдікпен бірлесіп, Атырау облысының денсаулық сақтау жүйесін дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын әзірледі. Жоспарда инфрақұрылымды дамыту, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту, өңірдің кадрлық әлеуетін нығайту жөніндегі шаралар көзделген.

   Жаңа медициналық нысандар бой көтерді

Маман тарту және олардың біліктілігін көтеру мәселесі жайлы айттық. Енді инфрақұрылымды жақсарту төңірегінде ой өрбітсек.

Облыстық денсалық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Абдалиевтің айтуынша, Атырау облысында инфраструктураны жақсарту мақсатында 2023 жылға 21 нысан құрылысы жоспарланған.

«Кешенді жоспарға сәйкес 5 медициналық пункт ашылады. Қазір Қызылқоға ауданының Айдын, Көздіқара ауылдарында және Махамбет ауданының Еңбекшіл ауылында 3 нысанның құрылысы аяқталды. Жылыой ауданы Қарағай ауылында, Қызылқоға ауданының Аққайың ауылдарындағы нысанды жыл соңына дейін ашу жоспарланған. Сондай-ақ, «Нұрсая» және «Өркен» шағынаудандарында екі  емхана, Атырау қаласындағы 3 қосалқы станциясы бар жедел жәрдем станциясының құрылысы басталды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасы аясында биыл Махамбет ауданы Талдыкөлдегі ФАП, Құрманғазы ауданы Шағырлыдағы және Алтыншы МП 3 нысанның құрылысы басталып, биыл жыл соңына дейін аяқталады.  Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында 2 нысан: Исатай ауданының Өркен ФАП және Құрманғазы ауданының Қадырка МП құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, жыл соңында аяқталады. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 6 нысанның (Құрманғазы аудандық аурухана мен емхана арасындағы өткел, мәйітхана, Балқұдық, Сүйіндік ДА Атырау қаласында Амангелді ДА, Жұлдыз ДА) құрылысы басталды", - деп атап өтті Қ.Абдалиев.

Сондай-ақ, демеушілердің көмегімен биыл 2 нысан салынды. Оның біреуі  Жылыой аудандық ауруханасы 21  желтоқсанда халық игілігі үшін салтанатты түрде ашылды. Ал екіншісі қазан айында Атырау қаласындағы «Береке» шағынауданында дәрігерлік амбулаториясы пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, демеушілердің көмегімен биыл Атырау облыстық балалар ауруханасында «Сәби» қайырымдылық қорының демеушілігімен құны 569 млн теңге болатын халықаралық деңгейдегі Шұғыл балалар хирургия бөлімшесі, Атырау қалалық перзентхана базасында «Қамқорлық» ерте араласу орталығы ашылды. Онда  3 айдан үш жас аралығында балаларға кешенді оңалту көмегі көрсетіледі.

Биыл Атырау облысында 5 жасқа дейінгі балалардың аурушаңдық, өлім-жітім және мүгедектік деңгейі төмендету, сондай-ақ физикалық және психикалық дамуын жақсарту мақсатында Геолог емханасының жанынан балалық шақ ауруларын кешенді басқару облыстық ресурстық орталығы ашылды. Сондай-ақ, №7 қалалық емханада балалар консультативтік орталығы ашылды. Геолог қалалық емханасы мен Жылыой аудандық ауруханасының базасында үздік тәжірибелер орталығы жылдың соңында ашылғалы отыр. Ал 5 медицина мекемесіне күрделі жөндеу жасалды.

Сонымен қатар, Атырау облысындағы медициналық ұйымдардағы арыз-шағымдарды болдырмау және медициналық қызметтің сапасын арттыру және бақылау мақсатында тәулік бойы қоңырау қабылдайтын Call-орталық қызметі іске қосылды, атыраулықтар 1309 нөмірін теріп базынасын жеткізе алады. Ситуациялық орталықтың жұмысы жолға қойылды. Атырау облысы қоғам белсенділерінің бастамасымен «Алғыс» сауатты науқастар мектебі атты әлеуметтік жоба іске жұмысын бастады.

     Денсаулық саласын қаржыландыру артып отыр

Биыл жергілікті бюджеттен 126 науқас 335,9 млн теңгеге дәрілік заттармен қамтылды. Былтыр 97 науқасқа дәрі алу үшін 560 млн теңге бөлінген.

Биыл облыстың денсаулық сақтау саласына жергілікті бюджеттен 14,0 млрд, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы 68,6 млрд қаржы бөлінді. Жалпы қаржыландыру көлемі 82,6 млрд теңгені құрап отыр. Былтыр жергілікті бюджеттен 9,4 млрд, ал республикалық бюджеттен 3,4 млрд теңге бөлінді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы 55,6 млрд (ОСМС -21,9; ГОБМП -33,7) қаржы бөлінді. Жалпы қаржыландыру көлемі - 68,4 млрд теңге.

   Атырау облысында  дәрігерлердің орташа жалақысы – 643 мың теңге

Атырау облысында жалпы 98 медициналық мекеме бар. Оның 33-і мемлекеттік. Қалған 65-сі жекеменшік. Облыс халқын емдеуде 5 мың 517 медицина қызметкері атсалысуда. Оның 1 мың 249-ы дәрігер, ал 4 мың 268-і орта буын қызметкері.

Ақ халаттылардың ай сайынғы табысы да жыл сайын өсіп отыр. Мәселен, медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыру бойынша 2020-2023  жылдары әр жыл сайын дәрігерлердің еңбекақысы 30 %-ке, орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 20 %-ке өсірілді. Қазір Атырау облысында  дәрігердің орташа жалақысы – 643 мың 933 теңге, орташа медициналық қызметкерлердің айлығы 359 мың 951 теңге, ал басқа қызметкерлердің орташа жалақысы – 213 мың 479  теңге.

Облыста халық санының өсуіне ықпалын тигізетін бірден бір жол – туу көрсеткішінің жоғары болуы. Бұл ретте нәрестенің дүниеге келуі мен аналардың аман-есен босанып,  баласын бауырына басуы маңызды. Сандарды сөйлетейік. Биыл ана мен бала өлімі едәуір азайып отыр. Мәселен, 11 айдың қорытындысы бойынша 2 ана өлімі тіркелсе, былтыр үш әйел бақилық болды. Ал бала өліміне тоқталар болсақ, былтыр дәл осындай кезеңде 141 жағдай орын алса, биыл 118 жағдай тіркелген. Демек, 23 жағдайға төмендеп отыр. Бұл статистика кейбіріміз үшін жай ғана сан болып көрінуі көрінуі мүмкін. Бірақ мұның артында адам тағдыры, бүтін бір әулеттің қайғысы тұр. Лайым, әрбір ана құрсағына біткен баласын құшағына аман-сау алсын, ал нәресте анасынан айырылмасын деуден басқа айтарымыз жоқ.

Сондай-ақ, облысымызда қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім, обырдан болатын өлім-жітім, тыныс алу ағзаларының ауруларынан және туберкулезден болатын өлім-жітім азайып отыр.  

Эльмира Мықтыбаева