Облыс әкімі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын бақылауды күшейтуді тапсырды

Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Жиынның күн тәртібінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесі қаралды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Полымбет Хасановтың айтуынша, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 2,2%-ға өскен.

- Тауар өндіруші мен соңғы дүкен сөрелеріне жеткенге дейінгі арадағы үстеме бағаны 15 %-дан асырып отырған тиімсіз делдалдардың және маусымаралық кезеңде импорттық тасымалданатын тауарлардың бағалары өсуі себебінен сегіз тауардың бағасында өсім байқалады. Жергілікті тауар өндірушілер және шаруа қожалық иелерімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін тұтынушыларға қолжетімді бағамен және жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан бері 284 меморандумға қол қойылды. Ал азық-түлік бағасын 15 %-дан асырып тасымалдаған 19 кәсіпкерлік субъектісіне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 204 – 4 бабына сәйкес, әкімшілік хаттамалар толтырылды, - деді П.Хасанов.

Ал «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Данияр Тахановтың айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстау үшін жергілікті сауда нүктелерімен 10 келісім-шарт жасалған.

- Атырау облысының тұрақтандыру қорын қалыптастыру және пайдалану мақсатында 2020-2022 жылдар аралығында 3,1 млрд. теңге бөлінді. Жалпы сомасы 968 млн.теңгеге әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 18 түрін сатуға 2 сауда желісімен 3 келісімшарт жасалды. Сату бағасы нарықтық бағадан 10% төмен. Бұл облыстың 38 нүктесінде, оның ішінде Атырау қаласында 32, Индер ауданында 1, Жылыой ауданында 2, Мақат ауданында 1, Қызылқоға ауданында 2 дүкенде жүзеге асырылады. Біз бұл тауарлардың бағасына апта сайын тексеріс жүргізіп отырмыз, - деді Д.Таханов.

Облыс әкімі аппараты испекторларының әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасына жүргізген талдау нәтижесінде үй маңындағы дүкендердің тауар бағасы қымбат екені анықталды.

Жиында Серік Шәпкенов әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын тұрақты ұстай алмай отырған жауапты сала басшыларын сынға алды. Кейін азық-түліктің әрбір атауы бойынша бағаны бақылауды күшейтуді тапсырды.

Сонымен қатар азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссия жұмысы тиісті деңгейде ұйымдастырылмағанын атап өтті. Бұл ретте комиссия жұмысын күшейтіп, үстеме бағаны 15%-дан артық қосып жүрген делдалдарды жауапкершілікке тарту қажеттігін айтты. Оған қоса жасалған әр меморандумның орындалысын тексеруді міндеттеді.

- Біздің басты міндетіміз - азық-түлік бағасын тұрақтандыру. Мемлекет басшысы 2023 жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейін 10%-дан аспайтын дәлізде ұстап тұру туралы тапсырма берді. Баға өсірмеу туралы жасалған меморандумдар қағаз бойынша бәрі керемет. Ал ол қаншалықты орындалып жатыр. Соны тексеріңіздер. Облыстың қала, аудандарындағы негізгі сауда нүктелерінде баға бірдей болу керек. Ірі супермаркеттерде тамақ төмен бағада сатылып жатыр. Бірақ халық ол қайда бар деп іздеп жүрмейді. Үй маңындағы дүкендерден сатып алады. Ал олар тауар бағасына екі есе қосып отыр. Алда мерекелер келе жатыр, баға тағы да өсуі мүмкін. Мереке қарсаңында бағаны қадағалау керекпіз. Бұның бәрін жиыннан жиынға деп тексермей, ұдайы бақылауда ұстап, бағаны реттеңіздер. Заң бұзған делдалдарды жауапкершілікке тартыңыздар , - деді С.Шәпкенов.