Облыс әкімі Жаннат Асабаеваны мерейлі 70 жасымен құттықтады

Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының төраға орынбасары, хатшылық меңгерушісі Жаннат Асабаеваны облыс әкімі Серік Шәпкенов мерейлі жасымен құттықтап, осы күнге дейін облыстың дамуына қосқан үлесі үшін алғысын білдірді. Құттықтауды облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев жеткізді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Қазақстан Халық Ассамблеясында 13 жыл хатшы болып елдің дамуына, саналы ғұмырын бірлік пен татулыққа ұйыстырған Жаннат Асабаева облыс әкімінің орынбасарының қабылдауында болды. 

-    Сіз Атырау өңірінде ғана емес республика бойынша елдің саяси-экономикалық әлеуметтік сала бойынша дамуына, еліміздің өркендеуіне зор үлес қостыңыз. Атырау облысы халқының өмір деректері мен тарихы туралы болашақ ұрпаққа арнап еңбек жаздыңыз. Алпыс алты жасыңызда саясаттану ғылымдарының магистрі анатып, 70-ке аяқ басқан шағыңызда медиатор болуыңыз, сіздің отандық, ғылыми, азаматтық қоғамды дамытуға, кейінгі ұрпаққа жол көрсетуіңіз деп білеміз, - деді Ж.Бисембиев. 

Жаннат Асабаева 50 жылдан астам өңірде еңбек етіп, соның ішінде 25 жылдан астам өмірін мемлекеттік қызметке арнаған. Атырау облысының әкімінің жанындағы әйелдер, отбасы және демографиялық комиссиясының хатшысы, Атырау қаласы әкімінің орынбасары, Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылық менгерушісі қызметін 13 жыл басқарды. Зейнеткерлікке шықса да облыстағы қоғамдық-саяси шараларға белсенді араласып, Атырау облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі атанды. Атырау облысы әкімшілігі жанындағы полицияның сервистік моделін енгізу бойынша  ведомствоаралық тобының мүшесі.