Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов Вокзал маңы ықшам ауданының тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар көтерген негізгі мәселелер ПИК жұмысына, термомодернизация, электр қуаты және аулаларды абаттандыруға қатысты болды, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
26А мекен-жайында орналасқан үйдің тұрғындары жертөлені су басқанын бұл оларға қолайсыздық туғызып отырғанын және мұндай жағдай осы аудандағы бірнеше үйде бар екенін жеткізді.
- Ең бірінші мені бұл жерге әкелген мәселеңіз осы ғой? Сондықтан біз былай істейік. Вокзал маңы ықшамауданындағы бүкіл подвал бойынша тапсырма бердім. Бірақ оны бір рет дұрыстап, тазалап береміз. Әрі қарай әкімдік күнде істей алмайды. Ол әкімдіктің емес, осындағы тұрғындардың міндеті. КСК-мен, басқамен күтіп-ұстауы тағы сол сияқты. Бірінші кезекте подвал бойынша тапсырма беремін. Өйткені бірнеше үйде осындай мәселе болды. Соның бәрін бір тазартып, реттеп берейік. Әрі қарай тұрғындар өзі қарауы керек,- деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.