Аймақ басшысы Серік Шәпкенов Атырау қаласында құрылысы жүріп жатқан нысандар мен жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Балықшы ықшамауданындағы көп қабатты тұрғын үйлердің ауласында салынып жатқан балалар ойын алаңын қарады. Қазір мұндағы жұмыс 60%-ға аяқталған. Серік Шәпкенов мердігер мекеме басшылары мен жауапты мамандарға құрылыстың сапасын бақылауды тапсырды.
-Қандай жұмыс қолға алынса да, алдымен сапаға көңіл бөліңіздер. Біріншіден, бұл ойын алаңын салу барысында әрбір орнатылатын құрал жабдықтың сапалы болуын қамтамасыз ету қажет. Оны алған кезде сапасы мен арнайы сертификаты болуын қадағалаңыздар. Балалардың қауіпсіздігі бірінші орында. Егер сапасы сын көтермейтін дүние орнатылып, соның салдарынан жазатайым оқиға орын алса, заңмен жауап беретіндеріңізді ескертемін.
Құрылыс жұмыстарын «Риголит» ЖШС мердігер мекемесі жүргізуде. Мекеме өкілінің айтуынша үш күн ішінде аулаішілік тас жол төселіп, жарық пен бейнебақылау камерасын орнату жоспарда тұр. Тұрғындар игілігіне 2023 жылы беріледі. Жалпы Атырау қаласында 350 ойын алаңы бар. Сонымен қоса 150 ойын алаңының жобасы жасақталуда. Ал осындай 50 ойын алаңы демеушілердің көмегімен салынуда.
Сонымен қатар, облыс әкімі «Балықшы-Зарослый» бағыты бойынша салынып жатқан автокөлік жолын қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Мердігер мекеме – «Қазақдорстрой» ЖШС. 2021 жылдың тамыз айында басталған жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Мердігер мекеме өкілінің айтуынша жалпы ұзындығы 5,7 шақырым болатын тас жол осы жылы пайдалануға беріледі. Ал жарық жүргізу, автобус аялдамасын салу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады.
Сондай-ақ Серік Шәпкенов «Атырау-Индер» бағытындағы жалпы ұзындығы 10 шақырым тас жолды қайта жаңғырту жұмысымен танысты. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 50%-ға жуығы аяқталған. Осы жылдың 7 қарашасында «Aтырау-Доссор» тас жолынан Томарлы ықшам ауданына дейінгі 2 шақырым тас жолдың бір бөлігі уақытша пайдалануға беріледі. Жыл соңына дейін екінші бөлігі ірі қиыршық таспен жабылады.
- Екіншіден, қазір қалада қайта жаңғырту жұмыстары жасалып жатқандықтан тұрғындар жұмысқа не мектепке жету үшін басқа бағытпен келуге мәжбүр. Сондықтан тұрғындар діттеген жеріне уақытылы әрі тез жетуі үшін жол құрылыстарын жобалық сметалық құжатта көрсетілген уақытта тапсырыңыздар,-деді С.Шәпкенов.
Әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысымен танысқан Серік Шәпкенов қаладағы әрбір құрылыс жұмыстары оның жіті назарында екенін айтып, мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтау жөнінде нақты тапсырма берді.