Атырауда жылу беруді бақылау жөнінде жұмыс тобы құрылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Тұрғындармен кездесу барысында Қ.Нұртаев пәтерлердегі жылу желісінің технология бойынша қарастырылмаған кез келген өзгерісі бүкіл үйдің жылу жүйесіне әсер ететінін еске салды. Жиналыс барысында орталықтандырылған жылумен қамту жүйесінің қалыпты жұмыс істейтіні айтылды. Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету басшылығы үйді жылыту жүйесіне уақтылы диагностика жүргізбегені белгілі болды.
Қайрат Нұртаев «Нұрсая» ықшамауданының тұрғын үйлеріне жылу беру мәселесін шешу үшін жұмыс тобы құрылғанын атап өтті, оның құрамына мемлекеттік органдар мен коммуналдық кәсіпорындардың өкілдері кіреді. Жұмыс тобы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың жылумен қамтамасыз етілуін қадағалаумен айналысады.
Қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің ақпараты бойынша, бүгінде Атырау жылу электр орталығынан (ЖЭО) қаланың барлық жылу бөлімшелеріне жылу беру нормативтік талаптарға сәйкес толық көлемде жүргізілуде.